10 лет

Телефоны по вопросам приема документов и конкурса: 8 (7172) 76 90 82; 76 90 84; 24 93 85; 24 93 86.

egov new

АО «Центр международных программ»

Ғани Ныгыметов: «Болашақ» бағдарламасы маман дайындауда өңірлерге ден қойып, үлкен мүмкіндіктер жасап жатыр

Ғыни Ныгыметов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті

«Болашақ» бағдарламасы маман дайындауда өңірлерге ден қойып, үлкен мүмкіндіктер жасап жатыр

Білікті маман, білімді кадр қай заманда да елдің мықты тірегі, алға бастар құдірет күші болғаны әлімсақтан белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік туын тіккен күннен бастап жастардың білім алуына, жоғары оқу орындарында сауатты болып шығуына үлкен жағдай жасап жатыр. Соның ең бастысы, 20 жылдан аса уақыттан бері жүздеген емес, мыңдаған жастарды әлемнің озық жоғары оқу орындарында білімін жетілдіру үшін ашқан «Болашақ» халықаралық стипендиясы дер едік.

Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», деген еді. Осы орайда, сол «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша биыл шетелдердің мықты университеттері мен өзге де оқу орындарына талапкерлерді іріктеу қалай жүргізіліп жатыр деген мақсатпен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани НЫҒЫМЕТОВПЕН тілдескен едік.

– Мемлекет басшысы «ХХІ ғасыр – білімді, білікті, бәсекеге қабілетті жастардікі» деген еді. Осы мақсат аясында биыл да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылы шетелдерде мамандар дайындау үшін 1100 стипендия бөлінгенін айта кетсем деймін. Қазір Отанымыз екінші бесжылдыққа кадрлар дайындау мәселесіне баса назар аударып отыр. Осы бағытта негізінен техникалық мамандықтарға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте 2014–2017 жылдар аралығында 3,5 мың білікті жастарды әлемнің озық университеттерінде оқытуды көздеудеміз.

– Жалпы қандай мамандықтар бойынша оқыту жоспарланған?

– «Болашақ» бағдарламасының негізгі міндеті – ел экономикасын одан әрі дамыту үшін қажетті кадрлар даярлау болып табылады. Халықаралық стипендия қарқынды даму кезінде нарық қажеттілігіне уақтылы ден қойып, жоғары білікті отандық кадрларды шетелде даярлауды қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Бүгінгі күні бағдарлама аясында шетелде білім алған жеті мыңға жуық түлек өз білімдері мен біліктіліктерін қаржы және экономика, ақпараттық технологиялар, мұнай-газ саласы, білім және ғылым, медицина, заң, химия және мұнай химиясы өнеркәсібі, құрылыс, өнер, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы және аграрлық технологиялар сияқты салаларда жалғастыруда. Ал биылдан бастап Үкімет қаулысына сәйкес шығармашылық қызметкерлер мен БАҚ қызметкерлері де «Болашақ» стипендиясы шеңберінде шетелде білім алуға мүмкіндік алды. Айта кетерлігі, жыл сайын басым мамандықтар тізбесі жасалады. Тізбені «Шетелде кадрлар ­даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар ұсынатын өтінімдер негізінде жұмыс органы әзірлейді.

– «Болашақ» бағдарламасы аясында инженер, құрылыс, энер­гетика саласы бойынша тағы­лымдамадан өткізу үрдісі өріс алып келе жатыр екен. Бұл туралы не айтасыз?

– «Болашақ» халықаралық сти­пендиясының әкімшісі – «Халық­аралық бағдарламалар орталығы» АҚ Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тізе қосып, өңірлердегі кәсіпкерлер палатасының өкілдері, салалық қауымдастықтар, ірі кәсіп­орын өкілдері шетелде тағылымдама бағдарламасы бойынша тәжірибе алу жұмысын жіті қолға алды. Яғни, «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ, Германия, Корея, Швеция, Израиль және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындарының және салалық кәсіпорындарының базасында кәсіптік тағылымдамадан өту мүмкіндігі ашылып отыр. Тағылымдама – отандық кадрлардың кәсіби өсуінің, қысқа мерзімдегі алдыңғы қатарлы тәжірибе мен практикалық дағдылардың ең тиімді тәсілдерінің бірі.

Қазірдің өзінде 70-тен аса инже­нерді Германияда тәжірибе жинақ­тауға жіберуді жоспарлап отырмыз.

– Қаржыландыру жағы қалай шешіліп жатыр?

– Бұл тұрғыда ешқандай кідіріс жоқ. Биыл да белгіленген міндет үде­сінен шықтық. Алдағы 2015 жылға да қаржы толығымен шешіл­ген. Осы арада мен мына бір мәселені баса айтқым келеді. Біз қазір өңірлер­дегі азаматтарды халықара­лық бағ­дарлама бойынша оқытуға жол ашып отырмыз. Көп жағдайда олар­ға ақпараттық деректер жетпей жа­тады. Осыны болдырмау үшін «Бола­шақ» бағдарламасына құ­жат қа­былдау басталған наурыз айында қызметкерлеріміз 14 облыс­ты аралап қайтқан еді. Қазір күзгі құжат қабылдау кезінде де сол үрдісті жалғастырудамыз. Ағымдағы жылғы 22–30 қыркүйек аралығында Қазақстанның облыс орталықтары мен моноқалаларында «Болашақ» халықаралық стипендия­сына құжаттар қабылдау қағидала­рын түсіндіру бойынша ақпарат беретін сапарлар екінші рет ұйым­дастырылып отыр. Орта­лық қыз­мет­керлері аймақтарда «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдаудың қағидаларын таныстырды. Нәти­же­сінде брифингтерге 6500 адам қатыс­ты. Таяу күндердегі мәлімет бойынша үміткерлердің саны 1166 адамды құрап отыр. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 31 қазанында аяқталады.

– Шетелге оқуға жіберілетін аза­­маттардың жас ерекшелігі ескері­ле ме?

– Конкурсқа қатысу үшін талапкерлерге жасына байланысты тосқауыл қойылмайды. Ең бастысы, жақсы маман болып жатса, неге қарсы шығамыз?! Әсіресе, ғылыми қызметкерлер, жақсы медицина мамандары оқимыз десе, оларға мүмкіндік бар. Қазір біз медицина қызметкерлерінің көбін Израиль мен Оңтүстік Кореяға жіберіп жатырмыз. Себебі, ол елдерде әсіресе, Израильде орыс тілін білетіндер баршылық. Солар оқытады. Және аудармашыларды тартып отырады. Тағы бір атап өтерлігі, ол елдерге барған дәрігерлерді емдеу ісіне араластырып, ота жасауға жібереді. Бұл біздің мамандардың білімін тереңдетіп қана қоймайды, мол тәжірибе жинақтауына да септігін тигізеді. Өзге елдерде мұндай қамқорлық жоқ.

– Осы арада магистратура, докторантура және тағылымдама бағдарламасының мерзімі жайлы айта кетсеңіз.

– Шетелдерде магистратура бойынша білім алу 1 жылдан 2 жылға дейін, ал докторантура 4 жылға жалғасады. Тағылымдама 1 ай мен 12 ай аралығын қамтиды.

– Ғани Сақтағанұлы, шетелге оқуға жіберілетін азаматтардың тіл білу мәселесі қалай ойластырылуда?

– Бұл туралы тың бастамаларға барып отырғанымызды айта кетсем деймін. Бұрын шетелдерде тілдік ортаға үйренісу мәселесі 18 айға созылатын. Оған еліміздің қоржынынан қыруар қаржы бөлінетін. Қазір осыны оңтайландыруды қолға алып жатырмыз. Британдық Кеңеспен келісе отырып, Ас­танадағы Назарбаев Уни­верситетінде, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде тілдік курстар ұйым­дас­тыру жоспарымызда бар. Оған Ұлы­британиядан мамандар шақырылады. Сонымен қатар, өз еліміз­дегі тілдің төрт құбыласын түгел мең­герген оқытушылар да шақы­рылатын болады. Осы арқылы шетел­де тілді оқыту мерзімін 18 айдан 12 айға дейін кемітсек деген ниеттеміз.

– «Болашақ» бағдарламасына өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр ма? Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің тағылымдамаға баратыны жөнінде әңгіме айтылады. Бұл алда шешімін таба ма?

– Уақыт талабы, дәуір өзгерісі жа­ңаруды қалайды. Бұл тұрғыда біраз жетілдіретін тұстарды жинақ­тадық. Оны тиісті мекемелерге жібер­дік. Олардың пікірлері келген соң Үкіметке ұсынамыз. Барлық өзге­рістер Үкімет қаулысымен бекітіледі. Ал мемлекеттік қызметкерлердің тағылымдамаға баруы мәселесіне келсек, бұл «Білім туралы» Заңның аясында шешіледі. Қазір аталмыш құжат толықтырулар мен өзгерістер енгізу мақсатында Парламент Мәжілісінде қарастырылуда.

– Таяуда үлкен шаралар өткізуді жоспарлап отыр екенсіздер. Бұл туралы не айтасыз?

– Иә, қарашаның 14-інде елордада «Болашақ» стипендиаттары мен түлектерінің форумы өтеді. Алдағы форум осы жылғы ауқымды оқиға болмақ. Оған алғаш рет бағдарлама стипендиаттары, отандық компания және мемлекетіміздегі жетекші оқу орындары өкілдерімен қатар, біздің стипендиаттарымыз оқыған оқып жатқан шетелдік білім ордаларының азаматтары һәм серіктестер шақырылды.

Алқалы жиында біз бағдарламаны одан әрі дамытудың басым бағыт­тарын талқылауды, жетілдіру мәселелері бойынша сараптамалық ойларыңызды ортаға салып, кадрлар даярлау, академиялық ұтқырлықты дамыту және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру саласында халықаралық ынтымақтастық ауқымын айтарлықтай кеңейтуді қозғауды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, 25 қазанда Алматы қаласында Елбасының «Қазақ­стан-2050» Стратегиясына арналған тағы бір басқосуды «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесе өткізетін боламыз.

– «Болашақ» бағдарламасының жаңа бастамалары ретінде өңір­­­лер­ге қажет мамандық дайындау бірінші кезекке шығарылғанын, оның ішінде шығармашылықпен айналысатын журналистерге де қамқорлықпен қарай баста­ған­да­рыңыз туралы алда айттыңыз. Жалпы, талапкерлердің құжаты қабыл­данғаннан кейінгі жерде іріктеу жұмысы қалай жүзеге асырылады?

– Жергілікті жерлердегі кадр мәселесін дайындау жайына алда тоқталдым. Ал бүкіл ел өмірінің жаршысы саналатын БАҚ өкілдерін магистратурада оқыту, тағылымдамадан өткізуді уақыт талап етіп отыр. Мәселен, Отанымыз төрткүл дүние­­мен тығыз қарым-қатынаста. Елба­сы­нан бастап, әлем елдеріне түрлі сапар­лар ұйымдастырылып жатыр. Соны жет­кізу журналист бауыр­лардың еншісінде екенін жұрт біледі. Біз сол үшін де осы шараны қолға алып, жүзеге асыру­дамыз.

Ал «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыруға келер болсақ, үміткерлердің конкурсқа қатысуы үшін бір жылда 3 рет құжаттар қабылданады. Атап айтқанда, наурыз-сәуір, маусым-шілде және қазір қызу жүріп жатқан қыркүйек-қазан айлары. Біз құжат қабылдау жолын да жеңілдеттік. Бұрын бұл Астана мен Алматыда ғана жүзеге асатын болса, енді өңірлердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында және Электронды Үкімет арқылы да жүргізілуде. Соның нәтижесінде үміткерлер саны бірте-бірте артып келеді. Енді талапкерлерді іріктеу жайына келетін болсақ, бірінші – шет тілін, екінші, мемлекеттік тілді білуі тест арқылы тексеріледі. Үшінші – психологиялық тестілеуден өтеді. Төртінші – тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен сұхбат ұйымдастырылады. Бесінші – жоғарыдағы талаптардан сүрінбей өткендердің құжаты шетелде кадр дайындау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысында қаралады.

Сөз соңында айтарым: «Болашақ» – жалпы халыққа арналған бағдарлама. Оған оқуға ұмтылғандарға ешқандай шек қойылмайды. Азат еліміздің Елбасы өз жолдауларында алға қойған міндеттерін талапқа сай орындаймын дейтін азаматтарына «Болашақ» халықаралық бағдарламасының есігі ашық. Әсіресе, өңірлерге қажет, сол өңірлерде қызмет етіп жүрген талапты маман иелеріне деген ілтипатымыздың бөлек екенін ерекше қадап айтуды парыз санаймын.

FaLang translation system by Faboba