Опубликовано:
Алматы қаласы Мұрат Әбенұлы Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының ғалымы Бахытжан Алжанұлы геномдық редакциялау және бағаналы жасушалардың дифференция әдістерінің көмегімен I типті қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасушалар жасап шықты. Болашақта аталған жасушаларды науқастың ағзасына енгізу (трансплантация) ұйқы безіне оның аса маңызды функциясы инсулин гормонын бөлу қабілетін қайтаруға мүмкіндік береді.
«Осы жұмыс аясында қол жеткізген нәтижелерім медицина ғылымы үшін, соның ішінде қант диабеті мәселесі үшін пайдасы үлкен. Тірі жасушалардың геномын, яғни ДНҚ молекуласын, мақсатты түрде өзгертуге мүмкіндік беретін CRISPR технологиясын пайдалана отырып, біз инсулин синтезін өздігінен жүзеге асыра алатын ұйқы безінің жаңа жасушаларын алдық. Себебі диабет І типі кезінде ағзадағы қалыпты жағдайда инсулин бөліп отыратын жасушалар тіршілігін жояды да, ағза инсулин тапшылығына ұшырайды. Инсулиннің тіршілік үшін аса маңызды гормон екенін ескеретін болсақ, ағзаға оның жұмысын қалпына келтіре алатын жаңа жасушаларды енгізу үлкен көмек болған болар еді. Жұмыстағы негізгі мақсатым І типті қант диабетін емдеудің заманауи тәсілін жасап көру болды - жойылған жасушалардың орнын жаңа жасушалармен алмастыру, яғни жасушалық терапия жасап көру», - дейді Әлжанұлы.
Қазір әлемде І типті қант диабетін емдеу әдісі әлі қолданыста жоқ, науқастар тек жасанды инсулин қабылдауға мәжбүр. Осыған байланысты жаңа емдеу тәсілін табу үлкен маңызға ие және қазіргі таңда көптеген ғалымдар трансплантациялауға болатын әрі аңзада жойылған инсулин жұмысын қалпына келтіре алатын жасушаларды жасап шығарудың түрлі жолдарымен айналысып жатыр.
Бағаналы жасушалардың дифференциациясы және геномды редакциялау әдістерін біріктіру жаңа әдісті жасап шығаруға мүмкіндік ашты. Дифференциация дегеніміз - адамның бағаналы жасушаларын (адам ұрығының дамуы барысындағы алғашқы апталардағы жасушалары) ағзадағы кез келген органның жаңа жасушаларын алу үшін шикізат көзі ретінде пайдалану әдісі. Зерттеу кезінде бағаналы жасушалардан ұйқы безінің инсулин бөлетін жасушаларын ала отырып, сол мезетте жасушаның геномын CRISPR әдісі арқылы мақсатты түрде өзгертілді. ДНҚ-ны редакциялау әдісі – ДНҚ-ның жеке құрылымдық элементтерін аса жоғары дәлдікпен өзгерту немесе алмастыру. Бұл өз кезегінде табиғи жағдайда кездеспейтін жаңа жасушалар алуға мүмкіндік береді.
Бахытжан Алжанұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Сонымен қатар 2014-2017 жылдары АҚШ-та Болашақ бағдарламасы аясында Нью-Йорк университетінде магистратурада білім алып, ғылыми тәжірибесін арттырған. Сол кезден бастап қант диабеті тақырыбын қолға алып, қазіргі уақытта жоғарыда аталған М.А. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтында ғылыми жұмысын жалғастырып келеді.