Жарияланған күні:

1 желтоқсаннан бастап Мажарстанда Stipendium Hungaricum бағдарламасы бойынша оқуға құжаттарды қабылдау басталады

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасындағы Stipendium Hungaricum Бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде 2026-2027 оқу жылына мына бағдарламалар бойынша 250 оқу гранты бөлінді:

  • бакалавриат бағдарламасы бойынша 110 орын;
  • магистратура бағдарламасы бойынша 90 орын;
  • бакалавриат+магистратура бағдарламасы бойынша 30 орын;
  • докторантура бағдарламасы бойынша 20 орын.

Грант келесі шығындарды өтейді:

  • тегін оқу;
  • ай сайынғы стипендия;
  • жатақханада тұру (немесе жалдамалы пәтердің ақысы айына 40 000 HUF шамасында);
  • медициналық сақтандыру.

Назар аударыңыз!!! Қалған шығындарды грант иегері өз қаражатынан өтейді.

Бакалавриат, магистратура және бакалавриат+магистратура бағдарламалары бойынша стипендиаттар бірінші оқу жылы қабылдаушы университет ұсынған мажар тілін шет тілі ретінде курстан өтуге және екінші семестрдің соңында емтихан тапсыруға міндетті (мажар тілінде оқитын стипендиаттарды қоспағанда). Курсқа қатыспайтын стипендия иегерлері ай сайынғы стипендияны толық мөлшерде ала алмайды.

Аталған гранттар туралы ақпарат
https://stipendiumhungaricum.hu/wp-ontent/uploads/2025/10/BA_MA_OTM_Call_for_Applications_2026_27.pdf https://stipendiumhungaricum.hu/wp-content/uploads/2025/10/PhD_Call_for_Applications_2026_27.pdf вебсайтында орналасқан.

2008 жылғы 31 тамыздан кейін туған үміткерлерден өтініш қабылданбайды, (Үміткерлердің жасы 2026 жылғы 31 тамызға дейін он сегіз жастан кем болмауы тиіс) «Хореография» (Dance Study) мамандығынан басқа.

Маңызды: 2026 жылдың 15 қаңтарына дейін https://apply.stipendiumhungaricum.hu/ веб-сайтында онлайн тіркелу қажет.

Құжаттарды 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 2026 жылғы 16 қаңтарды қоса алғанда «Электрондық үкімет» порталы (Egov.kz) арқылы https://egov.kz/cms/ru/services/higher_education/pass_203_mon немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да қолма-қол тапсыруға болады.

Шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу келесі турлар арқылы жүзеге асырылады:

  1. Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен үміткерлердің дербес әңгімелесуін онлайн режимде өткізу.
  2. Үміткерлердің материалдарын қарау және Қорытынды комиссияның шешім шығаруы.

Үміткерлерді іріктеу үшін негізгі өлшемшарттар:

  1. балдық жүйе бойынша шет тілін білу деңгейі;
  2. білім туралы құжаттың балдық жүйе бойынша орташа балы;
  3. Тәуелсіз сараптамалық комиссияның бағасы.

Қағидалардың 17-тармағына сәйкес, халықаралық шарттар/келісімдер шеңберінде шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу кезінде балл тең болған жағдайда мына төмендегілер баллмен басымдыққа ие болады (келесі ретпен):

  1. жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  2. «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ 175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 072/у нысаны бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін) ұсынған, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті шетелдік білім беру ұйымдарында оқуға болатын бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;
  3. көп балалы отбасынан шыққан балалар;
  4. ауылдық елді мекеннен шыққан, соңғы 2 (екі) жылда ауылдық елді мекенде тұратын үміткерлер;
  5. шетелдік жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шақыруы бар үміткерлер, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар.

Іріктеу қорытындысы бойынша ұсынылған үміткерлердің тізімі қабылдаушы тарапқа жіберіледі. Соңғы шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды.

Құжат тапсыру бойынша толық ақпаратпен жадынамадан танысуға болады.

21-тармақтың 4) тармақшасына сәйкес конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуды аяқтағаннан кейін міндетті түрде Қазақстан Республикасына қайта оралуы және (бір) жыл мерзіммен үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыруы көзделген.

Қосымша ақпаратты мына телефондар бойынша алуға болады: +7 (7172) 76-90-76 ішкі нөмірлер: 110, 112, 113, 114, 115, 301.

Ережемен мұқият танысуыңызды сұраймыз http://adilet.zan.kz/rus/docs/V080005499_

Құжат тапсыру бойынша нұсқаулық

ҚР азаматының сауалнамасы