Жарияланған күні:
2022 жылғы алғашқы ағынында «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 14 стипендиаты АҚШ-тың ең беделді ЖОО-лары енетін топ – «Шырмауық лигасы» университеттеріне түсті. Бұл топқа Гарвард, Колумбия, Йель, Принстон, Браун, Дартмут, Корнелл және Пенсильвания университеттері кіреді.
«Болашақ» стипендиаты Ақбөбек Амангелдиева Колумбия университетіне «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша түсті.
«Пандемия кенеттен басталғанда әлеуметтік желілерде COVID-19 емдеу шаралары туралы жалған ақпарат пен үрейдің тез таралуының куәгері болып, қоғамдық денсаулық сақтау саласына назар аудара бастадым. Өзіме және жақындарыма көмек көрсету үшін коронавирус туралы жаңа мақалаларды іздеп оқитын болдым және қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін курстардан өттім. Менің бағдарламамның атауы – биостатистика және созылмалы аурулардың эмидемиологиясы саласындағы қоғамдық денсаулық сақтау магистратурасы. ДДҰ-ның мәліметі бойынша Қазақстандағы барлық өлімдердің 85%-ы созылмалы ауруларға байланысты. Осы жайт созылмалы аурулардың эмидемиологиясын таңдауыма түрткі болған. Болашақта Колумбия университетінде алатын білім мен тәжірибемді Қазақстанда қолдануды жоспарлар отырмын», - деп әңгімеледі Ақбөбек Амангелдиева.
Естеріңізге сала кетейік, Республикалық комиссия шешімімен биылғы жылдың алғашқы ағынында стипендия 199 қазақстандыққа тағайындалды. Жалпы алғанда, 2022 жылы магистратура мен резидентурада оқу үшін 385 стипендия, докторантура бағдарламалары бойынша – 60 стипендия бөлінді. Ағымдағы жылдың соңына дейін Республикалық комиссияның тағы екі отырысы өтетін болады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар ағымдағы жылғы 14 қазанға дейін қабылданады. Тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау 2022 жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады.