Жарияланған күні:
Іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету, үміткерлер үшін тең мүмкіндіктер мен қолжетімділікті арттыру мақсатында «Болашақ» бағдарламасы жыл сайын жетілдіріліп отырады.
Биылғы жылдың негізгі жаңалықтары:
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 4 лекке бөлінген. Бұл үміткерлерге құжаттарды қабылдау басталар алдында шетелдік жоғары оқу орнынан шақыру алып үлгеруге мүмкіндік береді.
Инженерлік-техникалық және медициналық мамандарға арналған жеңілдіктер бекітілді. Енді олар алдымен тілдік дайындықтан өтіп, шетелдік жоғары оқу орнына жеңілдетілген шарттармен түсе алады. Оларға шақырту тапсыру талабы қойылмайды.
Үміткерлердің сапасын қамтамасыз ету мақсатында талаптар күшейтілді. Енді кандидаттардың барлығы шет тілі бойынша сертификат тапсыруға міндетті.
Бағдарлама аясында оқытуды қоса қаржыландыру бекітілді. Шетелдік ЖОО-ның грантын ұтып алған үміткерлердің «Болашақ» шеңберінде қосымша қаржыландыруды алуға мүмкіндігі бар. Мұндай стипендиаттар үшін еңбек өтілі 1 жылға қысқартылды. Атап айтқанда, Республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында еңбек өтілі 5 жылдан 4 жылға, өңірлерде – 3 жылдан 2 жылға қысқартылды.