Жарияланған күні:
Бағдарлама түлектері арасындағы спорт додасын Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» және «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырды.
Жарыста футбол, баскетбол, үстел теннисі, асық ату, шахмат және арқан тарту сынды спорт түрлерінен 80-ге жуық қатысушы бақ сынады.
Іс-шараның ашылу салтанатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов және «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Алмас Құдайберген сөз сөйледі.
«Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы қазақстандық білім берудің брендіне айналғаны сөзсіз. Халықаралық сарапшылар бағдарламаның тиімділігін үнемі жоғары бағалайды. Себебі стипендиаттар елімізге пайдалы жаңа идеяларын ұсынып қана қоймай, білім алған елінен әлемдік кәсіпқойлар қауымдастығымен байланыс орнатып келеді. Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 12 339 маман оқытылды. Оның ішінде 27 адам дене шынықтыру және спорт саласы бойынша оқуын аяқтады. Бұл салада Серік Сәпиев, Айдар Махметов, Дәрмен Сәдуақасов сияқты еліміздің абыройын асырған түлектеріміз баршылық», - деді Олжас Сәкенов.
Спартакиада қорытындысы бойынша, үстел теннисінен Алмаз Садықов жеңіске жетсе, Бауыржан Құнанбаев 2-орын, Дидар Еділхан 3-орынға ие болды. Әйелдер арасында Альмира Әбдіғалиева үздік теннисші атанды.
Әйелдер арасында шахматтан 1-орын Сәулен Нұржанға, 2-орын Күлмаш Елшібаеваға бұйырды. Шахматтан ерлер арасында Арман Қашқынбеков үздік атанып, 2-орын Сұлтан Өтегеновке, 3-орын Еркін Сәбитовке бұйырды.
Футболдан «Квантум» командасы жеңіске жетсе, екінші орынды «Достар Юнайтед» командасы, үшінші орынды «Достар Сити» командасы жеңіп алды.
Арқан тарту ойынында жеңіс «Достар Юнайтед» командасына бұйырса, екінші орын «Бәйтерек» холдингі командасына бұйырды. Асық ату ойынында Алтай Нұрманов жеңімпаз атанды.