Жарияланған күні:

«500 ҒАЛЫМ» ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАЛАР: АҚШ-та ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМ БИОТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЗЕРТТЕП ЖҮР

Ақерке Төлеуғазықызы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің оқытушысы, философия докторы (PhD). Болашақ бағдарламасының 500 ғалым жобасының 2024-жылғы стипендиаты.

Қазіргі таңда АҚШ, Мичиган штаты университетінің (MSU) құрамындағы “Анаэробты ашыту бойынша ғылым және білім беру орталығы” (ADREC) базасында тағылымдамадан өтуде. Бұл орталық органикалық қалдықтарды терең өңдеу негізінде құны жоғарылатылған өнімдер өндіру бағытындағы әлемге танымал жетекші орталықтардың бірі болып табылады.

Сіздің тағылымдамаңыз қанша уақытқа созылады және сіз қандай тапсырмаларды орындайсыз?

Менің тағылымдамадан өту мерзімім 8 айға жоспарланған. Осы уақыт аралығында “Қант өндірісі қалдықтарынан биосутек және биометан тәрізді құны жоғарылатылған өнімдерді қатар өндіру ерекшеліктерін зерттеу” тақырыбындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға қажетті әдіс-тәсілдерді меңгеру жоспарланған.

Сіз сапарға қалай дайындалдыңыз?

Сапарға дайындық DS2019 формасын толтыру, виза алу процестерімен басталды. Әрине, жаңа елге жақсы бейімделу үшін АҚШ мәдениеті мен әдет-ғұрпына, ережелер мен талаптарына қатысты жалпы ақпараттармен танысып өзімді психологиялық тұрғыдан дайындадым.

Сіз тағылымдамада қандай ғылыми тақырыпқа назар аударасыз?

Еліміз қоршаған ортаның органикалық қалдықтармен ластану деңгейі бойынша әлем бойынша алғашқы ондыққа кіреді, бұл дегеніміз өте үлкен көлемде бөлінетін өндіріс қалдықтары кәдеге жаратылмай қоршаған ортаға төгіліп, өте үлкен зиян келтіруде. Сонымен қатар, өңдеуші кәсіпорындардың ірі тонналық қалдықтарын тиімсіз басқару және онымен байланысты қоршаған ортаның ластануы, құнды, жаңартылатын өндіріс ресурстарын сарқып жатыр. Сол себепті органикалық қалдықтарды қайта өңдеп, олардан құны жоғарылатылған өнімдер алу еліміз үшін өте өзекті мәселелердің бірі, сол себепті мен өз зерттеу жұмыстарымда осы бағытты таңдадым.

Сіз қандай да бір нақты жобада жұмыс істеп жатырсыз ба?

Қазіргі таңда Министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылатын “Көміртек құрамдас қалдықтарды биоконверсиялаудың интеграцияланған жүйесін әзірлеу” жобасының жетекші ғылыми қызметкері болып табыламын. Бұл жобада органикалық қалдықтардан биотехнологиялық әдістерді қолдана отырып биосутегі және биометан өндіру әдістерін интеграциялау бойынша зерттеулер жүзеге асырылып жатыр. Демек, ірі тонналық қалдықтарды кәдеге жарату және құны жоғарылатылған өнімдерді өндіру мәселесін қатар шешуге болады.

Тағылымдамадан өту кезінде қандай жаңа дағдылар немесе білім алдыңыз?

Мен анаэробты ашыту процестерін бақылаудың жаңа аналитикалық құралдарымен және әдістерімен жұмыс істеу дағдыларын игердім, сонымен қатар ағылшын тілінде ғылыми мақалалар жазу бойынша дағдыларымды жетілдірдім. Өзімнің ғылыми салам бойынша соңғы жетістіктер мен трендтер туралы ақпарат алдым.

Тағылымдамадан өткеннен кейін болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

Тағылымдамадан кейін мен осы ғылыми бағыттағы зерттеулерді жалғастырып, қазақ еліне пайдалы ғылыми зерттеулермен айналысып, оң нәтижелерге қол жеткізгім келеді. Сонымен қатар постдокторантураға тапсырып, зерттеу жұмыстарын одан әрі дамытуды жоспарлап отырмын. дейді ғалым.

фото 2.jpg

фото 1.jpg

фото 3.jpg

фото 4.jpg

фото 5.jpg