Жарияланған күні:

Алматыда «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары бойынша ақпараттық брифингтер өтті

2025 жылғы 24–25 қыркүйек күндері «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдері Алматы қаласында халықаралық «Болашақ» стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының мүмкіндіктеріне арналған ақпараттық брифингтер сериясын өткізді.

Алғашқы күні брифингтер Алматының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында – Нархоз университетінде, Satbayev University-де және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтті. Жиын барысында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Абай Рахмет пен Құжат қабылдауды ұйымдастыру басқармасының басшысы Дина Омарова спикерлік етті. Олар бағдарламаларға қатысу шарттары, үміткерлерге қойылатын талаптар, құжаттарды тапсыру тәртібі және академиялық әрі кәсіби дамудың болашағы туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.

Келесі күні орталық өкілдері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және «Ғылым ордасы» базасында кездесулер өткізді. Аталмыш іс-шараға студенттер, оқытушылар мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты.

Абай Рахмет өз сөзінде «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ұйымдары мен ғылыми орталықтарында тәжірибеден өтуге жол ашатындығын баса айтты. Сәйкесінше бұл зерттеу бағыттары бойынша кәсіби құзыреттерді дамытуға, сондай-ақ еліміздегі ғылыми және ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыруға зор ықпал ететіндігі туралы тілге тиек етті.

Сондай-ақ ол: ««Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы – біздің ғалымдарға білім мен ғылымның жаһандық орталықтарына жол ашатын мүмкіндік. Бұл тек кәсіби даму ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға қосылған үлес», - деді.

Өз кезегінде Дина Омарова халықаралық «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережелеріндегі жаңашылдықтарға тоқталды. Нақтырақ айтқанда, жаңа конкурс механизмі енгізілді, ол әр кезеңнің нәтижесін бағалау арқылы үміткерлерді келесі кезеңге өткізуді көздейді; бұл тәсіл дайындығы төмен үміткерлерді ертерек іріктеп шығарып, үдерістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді; іріктеудің бір кезеңінен өтпеген үміткерлерге сол жылы қайта өтінім беру құқығы берілді деген сынды тың ақпараттармен бөлісті.

Бұл өзгерістердің барлығы бағдарламалардың тиімділігін арттыруға, кәсіби даярлығы жоғары мамандарды қалыптастыруға және еліміздің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталғанын ол ерекше атап өтті.

Жоғары оқу орындарының өкілдері алғашқы дереккөзден ақпарат алуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыстарын білдіріп, диалогтың практикалық маңыздылығына басымдық берді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық қауымдастықты қолдау және жаңа білікті мамандарды даярлау ісінде өзара ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.