Жарияланған күні:
Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Гүлзия Құманқанға «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Гүлзия АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орны – Оңтүстік Флорида университетінде «Математикалық білім беру» мамандығы бойынша магистратурада оқиды.
Педагог интернет желісіндегі онлайн сабақтар мен дәрістердің көмегімен ағылшын тілін бастапқы деңгейден жоғары деңгейге дейін меңгерді. Гүлзия шет тілін күніне 5-6 сағат бойы оқыды. Осының арқасында ол IELTS емтиханы бойынша 9 жоғары балдан 7 балл жинап, АҚШ-тың ең беделді жоғары оқу орнына түсті.
«Мен ауылдан шықпай-ақ, «Болашақ» стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуден сәтті өттім. Қарапайым ауыл мектебінде оқыдым, қазір сол ауыл мектебінде жұмыс істеймін. Әлемдегі ең үздік университетте оқуға мүмкіндігім болатынын тіпті елестете де алмадым. Білім мен өзіңе деген сенім әрқашан қалаған нәрсеңе жетуге көмектесетініне сенімдімін. Шәкірттерім де әлемдегі ең үздік білім алғанын қалаймын. Олар менен үлгі алып, шабыттанады деп үміттенемін», - деп әңгімеледі Гүлзия Құрманқан.
Естеріңізге сала кетейік, Кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешімімен 2022 жылғы алғашқы ағынында стипендия 199 қазақстандыққа тағайындалды. Олардың ішінде 29 стипендия педагогтар мен оқытушыларға тағайындалды.
Жалпы алғанда, биыл магистратура мен резидентура бағдарламаларына 385 стипендия, докторантура бағдарламасына 60 стипендия бөлінді. Ағымдағы жылдың соңына дейін Республикалық комиссияның тағы екі отырысы өтеді. «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар биылғы жылғы 14 қазанға дейін қабылданады. Тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау 2022 жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін өтеді.