Жарияланған күні:
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшылығы Қазақстандағы Франция Елшісінің мәдениет және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Себастьен де Куртуамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Басқарма төрағасы Әділ Құсманов пен оның орынбасары Қайсар Еркінбаев Орталықтың негізгі жұмыс бағыттары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Ерекше назар «Болашақ» стипендиялық бағдарламасына, «Ғылыми тағылымдамаларға» және үкіметаралық гранттарға аударылды.
«Қазіргі таңда Орталық елдің басым салаларына қажетті мамандарды даярлауға бағытталған төрт негізгі бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Соның ішінде 1993 жылдан бері 13 мыңнан астам білікті кадр даярлаған «Болашақ» стипендиясы – ең танымалы. 2023 жылдан бастап бағдарламада STEM, жасанды интеллект, инженерия және медицина салалары стратегиялық басымдық ретінде айқындалды», – деді Әділ Құсманов.
Бұдан бөлек, тараптар Франциямен бұрыннан қалыптасқан ынтымақтастықты да талқылады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Франция Елшілігі және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында жасалған 2023 жылғы үшжақты келісім француз тілін меңгерген қазақстандық мамандарды Францияда оқу және тағылымдама өтуге даярлауға жол ашты.
Қайсар Қайратұлы өз сөзінде: «Франция қазақстандық жас мамандарды даярлауда әрдайым маңызды серіктес болып келеді. 1994–2025 жылдар аралығында 209 маман Францияда академиялық оқу ғылыми тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар, Франция университеттері «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларының аккредиттелген серіктестері қатарында болуы – екі ел арасындағы академиялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді», – деп атап өтті.
Сонымен бірге кездесуде үкіметаралық гранттық тетіктердің жұмыс істеу ерекшеліктері де сөз болды. Бұл бағытта Қазақстан Венгрия, Қытай және басқа да мемлекеттермен білім беру саласында серіктестік орнатқандығы туралы айтылды.
Қазіргі серіктестік бағыттарын талқылап, жаңа мүмкіндіктерді қарастырған кездесудің соңында Себастьен де Куртуа: «Қазақстандағы жас мамандардың сапалы даярлануына бағытталған осындай ірі бағдарламаларды талқылау біз үшін үлкен қуаныш. Франция мен Қазақстан арасындағы академиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік туып отыр. Біз жаңа жобалар мен бірлескен бастамаларды қолдауға дайынбыз», – деді.
Кездесу жылы атмосферада өтті, тараптар екі ел арасындағы академиялық және мәдени байланыстарды дамытуға дайын екенін жеткізді.



