Жарияланған күні:
«Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның негізгі мақсаты – бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ кадрларды даярлау мәселелері бойынша консультациялар жүргізу және өзара іс-қимылды дамыту болып табылады.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы аппаратының басшысы Исаков Алмас Серікұлы өзінің кіріспе сөзінде кадрлық әлеуетті даярлау және дамыту мәселелеріндегі екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, ол: «Кадрлық әлеует – мемлекеттің дамуының негізгі ресурсы. Қазіргі геосаяси жағдайларда елімізде жоғары білікті, стратегиялық тұрғыдан ойлайтын мамандарға сұраныс артып отыр. Біз адами капиталды дамытуға, цифрландыруға, жасанды интеллектке және елдің әлеуметтік-экономикалық серпінін қамтамасыз ете алатын кадрларды даярлауға бағытталған терең әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайынбыз», – деді.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Кусманов өз сөзінде кадрлардың біліктілігін арттыру және мемлекеттік қызметке даярлаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. 2025 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер үшін «магистратура» бағытында бөлек санат енгізілген. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап әртүрлі салалардағы мамандар үшін «жасанды интеллект» бағыты бойынша тағылымдамаларды ұйымдастыру жоспарланғанын жеткізді.
Іс-шара барысында түлектердің тұрақты кәсіби траекториясын қалыптастыру және қойылған мақсаттарды тиімді жүзеге асырудың тетігі ретінде «Болашаққа көпір – мансаптық мүмкіндіктердің экожүйесі» жобасы таныстырылды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – кадрларды даярлау, бағдарлама түлектерінің әлеуетті еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы қызметкерлерін менторлық қызметке тарту болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін білдіріп, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мансаптық мүмкіндіктердің орнықты экожүйесін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.




