Жарияланған күні:
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Жастар кеңесінің V-ші отырысы аясында өткен «Жастармен және студенттермен алмасу бағдарламалары» тақырыбындағы семинар-сессиясына қатысты.
Іс-шарада Әнуар Жанғозин «Болашақ» халықаралық бағдарламасы қазақстандықтар үшін әлеуметтік лифтіге айналғанын айтты.
«Бағдарлама көптеген қазақстандықтар үшін нағыз әлеуметтік лифтіге айналды. Себебі бағдарлама аясында стипендиаттардың әлеуметтік жағдайымен байланысты ешбір критерий қарастырылмаған. Оған еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Қазір көріп отырғанымыздай, «Болашақ» бағдарламасының 11 мыңнан астам түлегі әртүрлі салалардың, әлеуметтік топтардың, ұлттардың өкілдері болып табылады»,- деп атап өтті Басқарма төрағасы.
Сондай-ақ ол өзінің сөйлеген сөзінде қазіргі уақытта Орталық IT, инновациялар, инженерия, индустриалды технологиялар салалары бойынша кадрларды даярлауға басымдық беріп отырғанын ерекше атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі кезде магистратура, резидентура және докторантура бағдарламаларына оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау жүріп жатыр. 5 қыркүйекте тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау басталады. Өтінімдер ағымдағы жылғы 14 қазанға дейін Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады.