Жарияланған күні:

Бүгін Халықаралық бағдарламалар орталығында Басқарма төрағасының Аустралияның жетекші жоғары оқу орны - Кертин университетінің өкілдерімен кездесуі өтті

Кездесудің басты тақырыбы – Орталық пен аустралиялық жоғары оқу орны арасындағы ынымақтастық, соның ішінде білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, ғалымдардың тәжірибе алмасуы, бірлескен зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыруы.

Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов «Болашақ» бағдарламасының басты мақсаты ретінде ел экономикасы үшін мамандарды нақты сала бойынша даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

Кертин университеті - Аустралияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Оның басты кампусы Перт қаласында орналасқан, сондай-ақ Малайзияда, Сингапурда, Сиднейде және т.б. кампустары бар. Халықаралық QS рейтингіне сәйкес университет тау-кен өнеркәсібі саласында әлемде екінші орында тұр.

Баршаға мәлім, Аустралияның зерттеулер мен инновацияларға негізделген озық білім беру жүйесі бар. «Болашақ» бағдарламасының тізімінде 27 елден 236 университет көзделген. Оның 14-і аустралиялық жоғары оқу орны, көбі әлемдегі ең үздік университеттердің қатарына енеді.

«Болашақ» бағдарламасы аясында Аустралияның жетекші жоғары оқу орындарында 170-ке жуық отандық маман даярланды және 40-тан астам адам қазіргі уақытта білімін шыңдап жатыр.