Жарияланған күні:

"БІЗ АЛЬПІ ТАУЛАРЫН, ОРТАЛЫҚ ФРАНЦИЯДАҒЫ ВУЛКАНИЗМДІ ЖӘНЕ ТІПТІ ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІНІҢ ТҮБІН ЗЕРТТЕДІК": АЗАМАТ ЖҰМАҒАЛИ "БОЛАШАҚ" БАҒДАРЛАМАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ГЕОЛОГИЯНЫҢ ДАМУЫ ТУРАЛЫ

Қазақстан орасан геологиялық әлеуетке ие, бірақ оның жер қойнауының басым бөлігі әлі толық зерттелмеген.

Кеңес заманында жүргізілген көптеген зерттеулер ескірген және қайта қарауды қажет етеді. Елдің табиғи байлықтарын толық ашу үшін террейндердің жасын жаңарту, палеомагниттік деректерді жинау, өңірлердің геодинамикалық тарихын қалпына келтіру және пайдалы қазбалар бойынша кешенді зерттеулер жүргізу қажет. Осы қадамдардың маңыздылығын "Болашақ" бағдарламасының түлегі, Францияда тау-кен инженериясы бойынша білім алған Азамат Жұмағали атап өтеді. Қазақстанға оралған соң, ол геология саласын белсенді дамытып, жаңа буын мамандарын даярлаумен айналысып келеді.

Қарапайым геологтан өз компаниясының негізін қалаушыға дейін

Франциядағы оқуын аяқтаған соң, Азамат халықаралық консалтингтік SRK Consulting компаниясында жұмыс істей бастады. Бұл жерде ол геолог-кеңесші ретінде қызмет етіп, тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізу тәжірибесін жинақтады. Азаматтың айтуынша, жұмысы әртүрлі болды және клиенттің қажеттілігіне байланысты өзгеріп отырды: біреуге бұрғылау жұмыстарының бақылауы керек болса, енді біреуге қорларды есептеу немесе бағалау қажет болды, ал кейбірі құрылымдық геологиялық модель жасауды сұрады. 2021 жылдың күзіне қарай Азамат кен орындарын барлау саласындағы кәсіби маман Владимир Бучинскиймен танысу бақытына ие болды. Владимир оны дәл сол кезде Қазақстанда қызметін бастайын деп жатқан IG Global Group компаниясына шақырды. Бұл компания қазақстандық нарыққа енді ғана шығып жатқан болатын, сондықтан Азамат әріптестерімен бірге жұмысты нөлден бастады деуге болады.

1.jpg

"Біз жас әрі перспективалы геологтардан құралған команда жинап, тек Қазақстанды ғана емес, сонымен қатар Гоби мен Сахара шөлдерін де араладық. Бұл үш жылдық қажырлы әрі нәтижелі еңбек болды", – деп еске алады ол. Қазір Азамат компаниядан шығып, өзінің жеке кәсібін ашты.

Азамат барлық экспедицияларын әлеуметтік желілерде белсенді түрде бөлісіп отырды. Көп ұзамай оған геологтарды оқыту жөнінде сұраныстар түсе бастады, бұл өз компаниясын құруға түрткі болды. Жас мамандарға арналған далалық курстар өткізу идеясы дәл сол кезде пайда болды.

2.jpg

Идеядан жүзеге асыруға дейін

Азаматтың A-Z Geology компаниясы, яғни "А-дан Я-ға дейін геология", студенттер мен жас мамандарға арналған қолжетімді далалық курстарды ұйымдастырумен айналысады. Қазақстанда мұндай практикалар жетіспейді, ал шетелдік курстар көбінесе өте қымбат болып келеді. Көптеген адамдар үшін шетелге шығу мүмкіндіктері қаржылық және тілдік кедергілерге байланысты шектеулі.

A-Z Geology курстары орыс тілінде өткізіледі, бірақ Азамат қатысушыларды халықаралық ғылыми ортаға дайындау үшін барлық терминдердің ағылшынша баламаларын да береді. 2025 жылдың мамыр айында компания Тянь-Шань тауларында ауқымды далалық курс өткізуді жоспарлап отыр. Қатысушылар палеовулканизм процестері мен олардың кен орындарының қалыптасуымен байланысын зерттей алады.

Оқу – үйрету үшін

Азаматтың пікірінше, басқаларды сапалы оқыту үшін ең алдымен өз біліміңді жетілдіру қажет. Соңғы жылдары ол Аризонада мыс, алтын және молибденнің порфирлік кен орындары бойынша курстардан өтті, Грекияның Милос аралында вулканологияны зерттеді және алдағы уақытта Испаниядағы Иберия пирит белдеуі бойынша білім алуды жоспарлап отыр.

"Әр сапар мені шабыттандырады. Осы білім мен тәжірибені Қазақстанға әкеліп, әлемдік деңгейдегі бағдарламаларды дәл осы жерде ұйымдастырғым келеді. Бізде бәрі бар: табиғат, кәсіби мамандар және дарынды жастар", – дейді ол.

3.jpg

Альпілер не үйретті

Альпілер – әлемдегі ең көп зерттелген таулы жүйелердің бірі. Егер Альпілердің қалай қалыптасқанын түсінсеңіз, барлық таулы жүйелердің құрылу заңдылықтарын да түсіне аласыз. Ницца – София Антиполис университетінде (Université Nice Sophia Antipolis) оқып жүрген кезінде Азамат көптеген далалық зерттеулерге қатысты. Ол Альпілерді, Орталық Франциядағы вулканизмді, Корсика аралын және тіпті батискаф ROV-Arian көмегімен Жерорта теңізінің түбін зерттеді. Сонымен қатар, пассивті сейсмика бойынша зерттеулерге қатысып, Клапьер көшкіндерінің қозғалысын және Жаңа Зеландиядағы неотектоникалық қозғалыстарды зерттеді. «Бұл тәжірибе геологтарды оқытуда далалық практиканың маңыздылығын дәлелдеді», – дейді Азамат.

Геология – жан дүниенің жай-күйі

Геологияны неге таңдадыңыз деген сұраққа Азамат ерекше ықыласпен жауап береді: «Мен бала кезімнен табиғатты жақсы көрдім. Орнитолог болуды армандадым, құстарды зерттеп, оларға ұя жасап, көктемде шымшықтардың келуін күтіп отыратынмын. Қазір табиғат пен оның құпиялары – менің кәсібім. Геология – жай ғана мамандық емес, бұл – жан дүниенің жай-күйі. Біз туристер жете бермейтін жерлерге барып, Жер шарының зерттелмеген аймақтарын ашамыз».

Қазақстан геологиясының болашағы

Азаматтың мақсаты қарапайым, бірақ ауқымды: Қазақстанның геологиялық байлықтарын ашуға қабілетті мықты геологтар буынын тәрбиелеу. Оның компаниясы қазірдің өзінде 30-ға жуық маманды оқытып үлгерді, ал болашақта Қарағанды, Абай және Ақтөбе облыстарында курстарды кеңейту жоспарланып отыр.

2025 жылы A-Z Geology YouTube-те геология саласының үздік мамандары қатысатын подкасттар сериясын іске қосады. Бұл сұхбаттар буындар арасындағы білім алшақтығын азайтуға және жас мамандарды жаңа жаңалықтар ашуға шабыттандыруға көмектеседі.

«Біз геологияны кеңінен насихаттап, оның маңыздылығын тек ғылым үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де көрсетуіміз керек», – деп түйіндейді Азамат.

4.jpg

Компанияның дамуы және жаңа бағыттар

A-Z Geology өндірістік компаниялармен тығыз байланыс орнатып, клиенттердің сұраныстарына негізделген бағдарламаларды әзірлеуде. Компанияның негізгі бағыттарына құрылымдық геология, геологиялық карталау, мыс-порфир жүйелері және геотехника кіреді.

Болашақта Азамат Жұмағали курстардың географиясын кеңейтуді, әлемдік деңгейдегі мамандарды тартуды, Қазақстанның бірегей геологиялық нысандарын зерттеуді және жаңа буын геологтарын ынталандыруды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Авторы: Дариға Булат