Жарияланған күні:

«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЕКІНШІ ЛЕГІ БАСТАЛДЫ

Бүгін Қазақстанда «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы аясында конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың екінші легі басталды. Үміткерлердің құжаттары 2023 жылғы 28 сәуірге дейін eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн қабылданады.

2023 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алуға 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.

Басым мамандықтар тізіміне 262 мамандық кірді. Үміткерлер робототехника, сервистік платформаларды әзірлеу, жасыл технологиялар, қоғамдық денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру және т.б. сынды еңбек нарығында өзекті мамандықтар бойынша шетелде дайындықтан өтеді.

«Инженерлік-техникалық және медициналық кадрларға арналған квоталар бекітілді. Енді олар алдымен мерзімі 12 айға дейінгі тілдік дайындықтан өтіп, шетелдік жоғары оқу орнына жеңілдетілген шарттармен түсе алады. Оларға шақырту тапсыру талабы қойылмайды. Бұл аталған бағыттар бойынша түсетіндер үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сонымен қатар биыл үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді докторатураға түсетіндерді қоспағанда, кандидаттардың барлығы шет тілі бойынша сертификат тапсыруға міндетті», - деп хабарлады «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.

Биылғы тағы бір жаңалық - бағдарлама аясында оқытуды қоса қаржыландыру бекітілді. Шетелдік ЖОО-ның грантын ұтып алған үміткерлердің «Болашақ» шеңберінде қосымша қаржыландыруды алуға мүмкіндігі бар. Мұндай стипендиаттар үшін еңбек өтілі 1 жылға қысқартылды.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылғы алғашқы легінде Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен «Болашақ» стипендиясы 25 қазақстандыққа тағайындалды.

Айта кетейік, жыл соңына дейін «Болашақ» стипендиясына өтінімдерді қабылдаудың тағы екі легі өтетін болады: 5 маусым мен 7 шілде аралығында, сондай-ақ 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында.