Жарияланған күні:
Өтінімдер 2023 жылғы 7 шілдеге дейін eGov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы онлайн қабылданады
«Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар кандидаттар қатыса алады.
Бағдарлама шеңберінде магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша оқуға немесе тағылымдамадан өтуге болады.
Басым мамандықтар тізімінде 262 мамандық көзделген. Үміткерлер робототехника, сервистік платформаларды әзірлеу, жасыл технологиялар, қоғамдық денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру және т. б. сынды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша шетелде дайындықтан өте алады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Биыл техникалық және медициналық қызметкерлердің жаңа жеңілдік санаттары бекітілді. Аталған өзгертулердің арқасында қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады. Сонымен қатар, жеңілдігі бар үміткерлер құжат тапсырған кезде шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуге міндетті емес.
Бұған дейін стипендия тағайындау конкурсына ауылдық елдімекендерден үміткерлер ғана жеңілдетілген шарттар бойынша қатыса алатын.