Жарияланған күні:

«Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау жалғасып жатыр

Биыл «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтінімдер қабыдау 4 лекте жүргізіледі.

  • Бірінші – 9 қаңтар мен 27 қаңтар аралығында
  • Екінші – 3 сәуір мен 28 сәуір аралығында
  • Үшінші – 5 маусым мен 7 шілде аралығында
  • Төртінші – 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында

Конкурстық іріктеу 2023 жылғы 20 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. Өтінімдер Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады.

«Болашақ» бағдарламасы аясында қазақстандықтар магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша білім алады және тағылымдамадан өтеді.

Биыл магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.

Ұсынылатын ЖОО-лар тізімі әлемнің 27 елінен 236 университетті қамтиды. Басым мамандықтар тізбесіне 262 мамандық кірді.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптардың бірі - жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан академиялық оқуға немесе тағылымдамаға қабылдаушы шетелдік ұйымнан тағылымдамадан өтуге шақыртудың болуы.

Жеңілдігі бар кандидаттар – инженерлік-техникалық қызметкерлер, медициналық мамандар мен ауылдық жерлерден үміткерлердің тегін тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі бар. Сондай-ақ олар құжат тапсырған кезде шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуге міндетті емес. Олар оқу орнын стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама аясында оқуға ұсынылатын ЖОО-лар тізімінен таңдай алады.

«Болашақ» бадарламасы академиялық оқу, тағылымдамадан өту, ұщу, медициналық сақтандыру, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейді, сондай-ақ ай сайын стипендия төленеді.