Жарияланған күні:
Биыл «Болашақ» бағдарламасына қатысуға құжат қабылдаудың төртінші легі 17 шілдеден 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
«Жыл сайын «Болашаққа» тапсыратын үміткерлердің саны артып келеді. Мұны біз байланыс орталығына хабарласқандардың көптігінен және өтінімдердің азаймай келе жатқанынан білеміз. Күн сайын байланыс орталығымызға 80-нен аса адам қоңырау шалып, кеңес сұрайды. Ал, құжат қабылдаудың алғашқы үш легіне 2 374 азамат қатысты. Ертең, яғни 15 қыркүйекте төртінші лекке құжат қабылдау аяқталады. Биыл стипендиат атанбаған азаматтар келесі жылы қатыса алады. Грант иегерлері еліміздің келешегі үшін таптырмас мамандар болады деген сенімдеміз. Себебі бәріміздің мақсатымыз бір – еліміздің болашағын жарқын ету үшін еңбек ету», – деді «Болашақ» ХБО басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.
Стипендия аясында магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша оқуға түсуге немесе тағылымдамадан өтуге болады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы бұйрығына сәйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқу үшін шетелдік жоғары оқу орындарының тізімі кеңейтілді. Енді тізімге барлық мамандықтар бойынша академиялық оқыту үшін жетекші шетелдік ЖОО саны 236-дан 261-ге көбейді және тілдік курстардан өту үшін ұйым саны 47-ден 56-ға дейін кеңейтілді.
«Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар кандидаттар қатыса алады.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Биыл техникалық және медициналық қызметкерлердің және ауылдық елді мекеннен шыққан үміткерлерге жаңа жеңілдік санаттары бекітілді. Аталған өзгертулерден кейін квоталық санаттағы үміткерлер тек магистратура үшін тегін тілдік дайындықтан өте алады. Сонымен қатар, жеңілдігі бар үміткерлер құжат тапсырған кезде шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуге міндетті емес.