Жарияланған күні:
Батырғалиева Гүлім Тоқатқызы – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ақмола облысы Шортанды ауданы Шортанды №3 жалпы білім беретін қазақ орта мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып қызмет атқаруда. Қазіргі таңда Гүлім 6 сыныпта 80-нен астам оқушыға ағылшын тілін үйретеді.
«Менің ойымша, барлық балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндіктері болуы керек. Мақсатым – білімге деген қызығушылықты оятып, ауылда оқитын балаларға ағылшын тілінде еркін сөйлесуге үйрету», – дейді ұстаз.
Гүлім Тоқатқызы 2021 жылы АҚШ-та Джорджия университетінде ағылшын тілі және әлем тілдерін екінші шет тілі ретінде оқыту (TESOL and World Languages) мамандығы бойынша магистратура тәмамдады.
2017 жылы АҚШ елшілігінің жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған Teaching Excellence and Achievement (TEA ) бағдарламасының финалисті болды.
2021 – 2022 оқу жылында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығармашылық және ғылыми тұлғалар арасында өткен «Құлагер» облыстық конкурсының «Үздік ғылыми -зерттеу жұмысы» жеңімпазы болды.
2021 жылы ҚР ағылшын тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, мұғалімдердің онлайн қауымдастығын дамытуға бағытталған British Council және «Өрлеу» Республикалық педагогтердің біліктілігін арттыру институтының біріккен жобасында жұмыс жасады.
Осы жоба жұмысы бойынша 2022 жылғы мамырда ҚР делегациясы құрамында Ұлыбритания, Белфаст қаласында өтетін IATEFL конференциясына қатысады. IATEFL конференциясы әлемнің түкпір түкпірінен тіл білімі, шет тілдерін оқыту саласындағы 3000 ғалымдар, спикерлерді зерттеушілерді жинайды.
Қазіргі таңда Гүлім «Сауаттылықты арттыру: оқуда қиыншылықтары бар ағылшын тілін үйренуші оқушылармен ерте интервенция» («Improving Literacy: Early reading intervention for struggling EFL readers») тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Зерттеу жұмысының өзектілігі – педагог тарапынан оқуда қиыншылықтары бар оқушыларға ғылымға негізделген көмек көрсету, себеп салдарын анықтау, талдау, кейс зерттеу жүргізу. Келешекте өзінің зерттеу жұмысының нәтижесімен әріптестері, ата-аналар және әдіскерлерімен бөлісуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ педагог әріптестеріне «Болашақ» бағдарламасына түсу, шетелге оқудағы мүмкіндіктер жайлы кеңес беріп, тәлімгерлерлік жұмысын жасап келеді.
«Қазіргі заман - мүмкіндіктер заманы. Мүмкіндікке шек жоқ. Оқимын, білемін деген адамға жол ашық. Білемін, білдім деп емес, әлі білмейтінім көп екен деп өмір сүр» - деген ұстанымын шәкірттеріне дарытуда.