Жарияланған күні:

«БОЛАШАҚ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТИПЕНДИЯСЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫН МЕРЕКЕЛЕУГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ФОРУМ

8 желтоқсан 2023, Астана. «Болашақ» халықаралық стипендиясының 30 жылдығына арналған салтанатты форумға медицина, ғылым, білім, инженер, техникалық, шығармашылық индустрия, бизнес және т.б. салалардан бағдарламаның 500-ден астам түлегі жиналды. Шара ұйымдастырушылары – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және «Болашақ» стипендиаттар қауымдастығы.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылдан бері беріледі. Осы уақыт аралығында 12,6 мыңнан астам жас қазақстандық әлемнің үздік университеттерінде білім алды. Енді ғана тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекетке ел игілігі үшін реформа жүргізіп, даму мен табысқа жетелейтін білікті кадрлар, ғалымдар мен мамандар қажет болды.

Бүгінгі таңда QS World University Rankings, Academic Rankings of World Universities (Shanghai Ranking) және т.б. үздік 200 халықаралық академиялық рейтингіне кіретін әлемдік университеттерде 1400-ден астам бағдарлама стипендиаттары білім алуда. Ал 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ғылыми кадрлық әлеуетті қалыптастыру мақсатында «500 ғалымды» ғылыми тағылымдамадан өткізу туралы тапсырма беріп, бүгінде жүздеген ғалым жетекші ғылыми зертханаларда ғылыми зерттеулер жүргізуде.

Салтанатты форумды Мемлекет басшысының құттықтау сөзімен Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенова ашты. Өз құттықтауында Мемлекет басшысы бағдарлама түлектерін 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Бұл – Қазақстанның әр түкпіріндегі дарынды жастарға жол ашқан теңдессіз бағдарламаның мерейлі белесі. Осы бірегей жоба мемлекетімізде озық ойлы әрі білікті кадрлар резервін қалыптастыруға зор септігін тигізді. «Болашақ» бағдарламасының мыңдаған түлегі бүгінде түрлі оң өзгерістің жаршысы болып, еліміздің игілігі үшін табысты еңбек етіп жүр. Мемлекет адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген дарынды, еңбекқор, талапты жастарды әрдайым қолдайды. «Болашақ» бағдарламасының түлектері ғана емес, еліміздегі барлық жас мамандар Қазақстанды жан-жақты жаңғырту жолындағы келелі іске өз үлесін қосады деп сенемін», - деді Президент Қ. Тоқаев.

Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек «Болашақ» бағдарламасының көптеген түлектері өз саласының жоғары білікті мамандары екенін атап өтті.

«Болашақ» бағдарламасы білім беру жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды, елімізге тың идеялар мен тәсілдер әкелді, әлемдік кәсіпқойлар қауымдастығымен байланысымызды нығайтты. Бұл бағдарлама сапалы білім алуға мүмкіндік беріп, көптеген отандастарымыз үшін толыққанды әлеуметтік лифтке айналып, еліміздің дамуына бағытталған идеяларды жүзеге асыруға айтарлықтай мүмкіндіктер туғызуда. Бүгінде мыңдаған түлек мемлекет игілігіне қызмет етуде. 12 626 маманның 6 968-і магистр дәрежесін, 2 626 адам бакалавр дәрежесін алды, 2 548 адам тағылымдамадан өтіп, 200-ден астам адам PhD дәрежесін иемденді», – деді министр С.Нұрбек.

Форумға «Болашақ» бағдарламасының түлектері спикер ретінде қатысып, өздерінің қалыптасу жолдары, инновациялық жаңалықтарымен бөлісті.

Satbayev University қауымдастырылған профессоры Сезім Мұстапаева Johns Hopkins University-де (АҚШ) «500 ғалым» аталымы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуінің арқасында палеонтология саласында ғылыми жаңалық ашты. Атап айтқанда, Біршоғыр стратотипі учаскесінің девон-карбон шекаралық шөгінділерінің зоналық масштабының дамуы және дүниежүзілік стратотиппен корреляция, халықаралық стратиграфиялық масштабпен байланыс.

Ғылыми тағылымдамадан өткен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасының оториноларинголог дәрігері Медет Маханбет құлақ қалқанын қалпына келтірудің бірегей хирургиялық әдісін жасау туралы тәжірибесімен бөлісті. Медет – Қазақстанда эндоскопиялық трансканальды тимпанопластиканы жасаған алғашқы ЛОР дәрігері (бұрын бұл әдіс әлемнің бес елінде ғана қолданылған, Қазақстан алтыншы ел болды), жалпы 70 ота жасалды.

Юлия Сафарова (Янцен) University of Auckland (Жаңа Зеландия) бакалавриат бойынша оқуын аяқтады. Оның ғылыми қызығушылықтары жасуша трансплантациясын оңтайландыруға, әсіресе жасуша жеткізілімін, дің жасушаларын зерттеуге және сүйек ұлпасын қалпына келтірудің жаңа тәсілдерін дамытуға бағытталған.

North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының логистикалық ресурстарды жеткізу жөніндегі жетекші инженері Талғат Рамазанов кеме жасау зауытындағы теңіз флотын жобалау және қалай салу керектігі жөнінде тәжірибесімен бөлісті. Ол Boston University-де (АҚШ) теңіз техникасы және технологиясы бойынша магистрлік білім алған.

Top.kz қызметтер нарығының негізін қалаушы және бірінші басшысы Алмас Кебекбаев 6 миллион доллар кірісі, 500-ден астам жұмыс орны және 1 миллион доллардан астам шетелдік инвестициясы бар желілік қызметтер нарығын құрды. Алмас American University-де информатика мамандығында оқыған.

University of Reading (Ұлыбритания) «Құрылысты басқару» мамандығы бойынша білім алу Адат Әділханға Қазақстан мен Орталық Азияда құрылыс салудың индустриялық-модульдік құрылыс технологияларын енгізуге көмектесті.

Форум аясында «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ғылыми жобаларының көрмесі өтіп, олар ғылым мен өндірістің түрлі салаларын қамтитын 11 инновациялық жобаны ұсынды. Солардың бірі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Cardiff University (Ұлыбритания) магистрі және PhD докторы Ербол Сағатов. Ол «Қарапайым заттар туралы ғылым» тұжырымдамасы аясында тұрмыстық химия өнімдерін тиімді өндіру жобасын ұсынды. «Болашақ» бағдарламасының тағы бір жарқын түлегі, Satbayev University-нің аға ғылыми қызметкері Гүлжан Түзелбаева «Gulzhan Parfum» парфюмериялық өнімдерін толық көлемде шығару жобасын ұсынды. Гүлжан Түзелбаева айына 10 мыңнан астам өнім шығаруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ көрмеге келесі жобалар ұсынылды: Бақдәулет Кенжеғалиев (тазартылған селен өндірісі), Саябек Сахиев (радиофармацевтикалық препараттар өндірісі), Бағдат Азаматов (нейрохирургия, травматология және ортопедия үшін медициналық импланттарды әзірлеу және өндіру), Азат Нұрқасымов (полимерлі кабельді оқшаулауды модификациялау), Дастан Әубәкіров («Сақтау» коррозияға қарсы наножабын), Аслан Орынғалиев (кешенді мұнай шикізатын өңдеу), Дос Сарбасов (D-изоаскорбин қышқылы (D-VC), Әбділда Шәменов (Брайль шрифті бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қазақ тіліндегі Sezual өзіндік нұсқаулығы).

Форум аясында төрт панельдік сессия өтіп, онда «Болашақ» бағдарламасының түлектері «Қазақстанның цифрлық дамуы», «Медицина», «БАҚ», «Ғылым және білім» тақырыптары бойынша өзекті мәселелерді талқылады.

1.jpg

2.jpg

3.jpg

4.jpg

5.jpg

6.jpg

7.jpg

8.jpg

9.jpg

10.jpg

11.jpg

12.jpg