Жарияланған күні:
Халықаралық бағдарламалар орталығының ұйымдастыруымен «Болашаққа көпір» жобасы аясында әлемдегі жетекші консалтингтік компаниялардың бірі – Boston Consulting Group (BCG) мамандарымен кездесу өтті.
Кездесуде «Болашақ» стипендиаттары консалтинг саласындағы мансаптық мүмкіндіктерді, кандидаттарға қойылатын негізгі талаптарды және стратегиялық жобаларға қатысу тәжірибесін талқылады. Сонымен бірге халықаралық деңгейде кәсіби өсудің жолдары қарастырылды.
BCG мамандары түлектердің қазіргі еңбек нарығына бейімделу тәсілдері туралы айтып, нақты жобаларға қатысу арқылы тәжірибе жинау, жұмыс берушілермен бірлескен тапсырмаларды орындау, кәсіби дағдылар мен аналитикалық ойлауды дамыту жөнінде ұсыныстар берді.
«Болашақ» бағдарламасы ел экономикасына жаңа білім мен кәсіби тәжірибені енгізе алатын мамандарды даярлауға бағытталған. Кездесу осы мақсатқа сай, стипендиаттарға шетелде алған білімін Қазақстанның нақты секторында қолдануға мүмкіндік беретін бағдарларды талқылауға арналды.
Қатысушылардың айтуынша, BCG сарапшыларының кеңестері жас мамандар үшін мансаптық жоспарлауда маңызды бағыт-бағдар береді.
«Болашаққа көпір» бастамасы түлектерді академиялық тұрғыдан ғана емес, кәсіби ортада да толыққанды маман ретінде қалыптастыруға ықпал ететін платформа ретінде танылды.