Жарияланған күні:

«БОЛАШАҚ» СТИПЕНДИЯСЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУДЫҢ 4-ШІ ЛЕГІ БАСТАЛДЫ

Бүгін «Болашақ» бағдарламасы аясында құжаттарды қабылдаудың төртінші легі басталды. Құжат қабылдау 2023 жылғы 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Конкурстық іріктеуге қатысуға өтінімдер мемлекеттік қызметтер порталы – eGov.kz арқылы онлайн түрде қабылданады.

«Биыл «Болашақ» стипендиясы аясында үміткерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Енді конкурсқа шетелдік жоғары оқу орны немесе ұйымнан академиялық оқуға гранты бар үміткерлер де қатыса алады. Бұл ретте, «Болашақ» бағдарламасы тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейтін болады. Сондай-ақ, еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарады»,- деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.

Биыл «Болашақ» стипендиясы үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Енді үміткерлер шет тілін меңгергенін растауы тиіс. Ағылшын тілінде оқуға түсушілер төмендегі нәтижелер бойынша IELTS сертификатын ұсынуы керек:

  • Квоталық санат бойынша: IELTS: 9.0-ден кемінде 5.0; TOEFL: PBT 677-ден 417, ITP 677-ден 417, IBT 120-дан 35;DET 80-нен 160 дейін.

  • Өз бетінше түскендер санаты бойынша (магистратура): IELTS: 9.0-ден кемінде 6.0; TOEFL: IBT 120-дан 60, PBT/ITP 677-ден 498.

  • Тағылымдама санаты бойынша: IELTS: 9.0-ден кемінде 5.0; TOEFL: IBT 120-дан 35, PBT/ ITP 677-ден 417; DET 75-тен жоғары

Жалпы алғанда, биыл магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Сонымен қатар Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді.

Аталған өзгертулердің арқасында қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады.