Жарияланған күні:
Оташы-дәрігер Азамат Оразалинов әріптестерімен бірге туа біткен патологиядан зардап шегетін 10 жастағы қызға күрделі ота жасады. Қазақстанда тұңғыш рет отаның жаңа түрі – толық қос бүйрекке лапароскопиялық геминефруретерэктомия жасалды. Қосарланған бөлік тіліксіз, тіндерді зақымдамай, бес миллиметр шағын тесік арқылы алынып тасталды. Оташылар баланың бүйрегі мен зәр шығару жүйесін сақтай алды. Қазақстанда мұндай ота балалар тәжірибесінде алғаш рет орындалды.
Азамат «Хирургия» мамандығы бойынша Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өтті. Қазіргі кезде ол №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Жыл сайын ол кішкентай бүлдіршіндерге жүзден астам ота жасайды.
«Болашақ» стипендиясының арқасында Оңтүстік Кореяның ең үздік клиникаларының бірінде тағылымдамадан өттім. Онда жоғары технологиялы оталар жасалып, хирургиялық көмек көрсетудің заманауи әдістері қолданылады. Шетелде алған білімім еліміздегі бала хирургиясын дамытуға септігін тигізеді деп сенемін», - деп бөлісті «Болашақ» түлегі.