Жарияланған күні:
Арай Ильясова-Шенфельд - «Болашақ» стипендиясының екі мәрте иегері. 2010 жылы Ұлыбританияның ең ірі және үздік ЖОО-ларының бірі – Ноттингем университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды, 2017 жылы докторлық диссертациясын қорғады.
Биыл жас ғалымды Times Higher Education World University Rankings атты әлемнің үздік жоғары оқу орындарының беделін жаһандық зерттеуіне ғалым және сарапшы ретінде қатысуға шақырды. Университет жетістіктерінің деңгейі жаһандық сарапшылар сауалнамасының нәтижесі, статистикалық талдау және т.б. негізінде бағаланады.
«Мені басылымдарымның негізінде әлемнің басқа да жетекші ғалымдарының қатарынан таңдады. Сарапшылық сауалнамаға шақырумен ғана қатысады. Университеттер немесе ғалымдар сауалнамаға қатысу үшін өздерін немесе тізімді ұсына алмайды. Мені шақырады деп ойламаппын, жарияланымдарым мен зерттеулеріме жоғары баға бергеніне қуаныштымын. Осындай беделді басылымнан шақыру алу – әлемдік Times Higher Education баспасы тарапынан мені жоғары білім және мемлекеттік саясат саласындағы ғалым және сарапшы ретінде халықаралық мойындау мен сенім білдірудің белгісі»,- дейді Арай.
THE рейтингі ең беделді халықаралық университет рейтингтерінің бірі болып саналады.