Жарияланған күні:

«Болашақ» түлегі Нұрбек Еңсебаевтің бірегей әзірлемелері: зағип жандар үшін биолокатор және арбамен жүретін адамдарға экзоскелет

Инженер-энергетик Нұрбек Еңсебаев пен оның SEZUAL командасының бірегей технологиялары зағип жандарға көруге, арбамен жүретін адамдарға жүруге және көлік жүргізуге, ерекше қажеттіліктері бар балаларға өз бетімен шет тілдерін үйренуге және сауат ашуға мүмкіндік береді. Технологиялар Еуропа Кеңесінің үздік инновациялары қатарына еніп, БҰҰ WSA 2022 сыйлығының 3 үздік номинациясының иегері атанды.

«Болашақ» бағдарламасының арқасында ең батыл идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. SEZUAL командасының мақсаты - ерекше қажеттіліктері бар адамдарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беру. Технологияларымыз мұқтаж қазақстандықтарға қолжетімді болғанын қалаймыз. Қазіргі уақытта отандық өндірісті жаппай жолға қою үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», - деп атап өтті «Болашақ» түлегі.

Нұрбек командасымен бірге зағип балалардың сауатын ашуға және әлемдегі кез келген тілде оқуға үйретуге арналған Брайль бірегей құрылғысын ойлап тапты. Технология Атырау қаласының арнаулы мектебінде, облыстық кітапханада және Қазақ зағиптар қоғамында іске асырылып жатыр.

«Болашақ» түлегі мен оның командасы ойлап тапқан SEZUAL Auto әзірлемесінің көмегімен Қазақстанның парабилер чемпионы Сабина Қасымова көлік жүргізеді. Қазіргі кезде технологияны еліміздің барлық өңірлерінде енгізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Тағы бір өнертабысы - Zuzu Locomotion әртүрлі аурулардан кейін адамның омыртқасын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Технология хирургиялық әрекет пен емдеудің консервативті әдістерін қажет етпейді. Қазір ол елордалық клиникада енгізіліп жатыр.

«Болашақ» түлегінің командасына технология транфері бойынша басқа елдерден ұсыныстар түсіп жатыр. Мәселен, АҚШ-тағы Техас және Массачусетс зағип балаларға арналған арнаулы мектептері олардың әзірлемелеріне қызығушылық білдірді. Сонымен бірге оларға Оңтүстік Африка Республикасына Брайль қосымша құралдары мен биолокаторларды жеткізуге ұсыныс келіп түсті.