Жарияланған күні:

«БОЛАШАҚ» ТҮЛЕГІ-ОНКОЛОГ ҒАЛЫМЖАН ТЕМІРҒАЛИЕВ КҮРДЕЛІ ХИРУРГИЯЛЫҚ ОТАЛАР ЖАСАЙДЫ

Хирург-онколог Ғалымжан Темірғалиев әріптестерімен бірге қатерлі ісікті алып тастау бойынша абдоминалды онкохирургиядағы ең күрделі ота жасады. Ол әріптестерімен бірге қуыққа таралған тоқ ішек ісігін сәтті алып тастай алды.

Ғалымжан Израильде «Болашақ» бағдарламасы арқылы «Жалпы хирургия» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтті. Қазіргі уақытта Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде хирург-дәрігер болып еңбек етеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының онкологтар қоғамының мүшесі болып табылады. Облыстық ауруханада миниинвазивті хирургиялық оталар орындайды. Олар шағын тесіктер арқылы жасалып, жарақаттану деңгейін төмендетеді.

«Израильде мен озық технологияларды қолданатын клиникада кәсібилігімді арттырдым. Қазір шетелде алған білімімді өз тәжірибемде қолданып, жыл сайын мыңға жуық хирургиялық ота жасаймын», - дейді Ғалымжан Темірғалиев.

Сонымен қатар, «Болашақ» түлегі жас мамандарды даярлау бойынша жұмыс жүргізеді және жетекшілік ететін ауруханаларда пациенттерге консультация береді. Қатерлі ісік ауруларын алдын алу мен емдеудегі инновациялық технологиялар бойынша конференциялар, семинарлар мен шеберлік сыныптар жұмысына қатыса отырып, өзінің біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдан бастап медициналық мамандар мен инженерлік-техникалық қызметкерлер жеңілдетілген шарттармен «Болашақ» халықаралық стипендиясының конкурстық іріктеуіне қатыса алады.