Жарияланған күні:
«Болашақ» түлегі, «Мамандығым болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаев Пенсильвания мемлекеттік университетін тәмәмдаған. «Болашақ» түлегінің атсалысуымен оның өзі тәмәмдаған америкалық жоғары оқу орны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, білім беру саласында бірқатар бастамаларды іске асырып жатыр.
Былтыр ғана Самғат Ермекбаев Пенсильвания мемлекеттік университетінің өкілі - Стефен Барнесті Қазақстанға шақырды. Осылайша, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің америкалық университет өкілімен кездесуі өтті. Сондай-ақ, сапар барысында Стефен Барнес «Болашақ» түлегімен бірге Астана және Алматы университеттеріне де барды.
Келісімдерге сәйкес Пенсильвания мемлекеттік университеті Қазақстанның білім беру саласына гранттар түрінде 1 млрд теңгеге жуық сомаға тікелей инвестициялар бөлді. Биылғы жылдың қаңтар айында құжаттарды қабылдау және гранттарды үлестіру басталды. Бүгінгі таңда 19 қазақстандық сомасы 600 млн теңгеге жуық грант иегері атанды. Гранттар магистратурада оқуды, ғылыми тағылымдамадан өтуді, сондай-ақ студенттермен алмасуды көздейді.
Сонымен қатар, биылғы жылдың басында АҚШ-та университет басшылығымен екінші кездесу өтті. Оның барысында Қазақстанда Пенсильвания мемлекеттік университетінің филиалын ашу мәселелері талқыланды.
Пенсильвания мемлекеттік университеті - АҚШ-тағы ең беделді университеттердің бірі. QS World University Rankings халықаралық рейтингі бойынша әлемдегі ең үздік университеттердің жүздігіне енеді. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы аясында оқуға ұсынылатын жоғары оқу орындарының тізіміне кіреді.