Жарияланған күні:

«Болашақ» түлегінің стартапы инсульттан болатын өлім-жітім санын азайтуға көмектеседі

Досжан Жүсіпов – «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, Бристоль университетін тәмамдады. Онда ол бизнесті дамыту мен халықаралық қатынастар бойынша білім алған.

Қазір Досжан Cerebra медициналық стартапын дамытуда – бұл инсульттің диагностикасын автоматтандыратын жасанды интеллект. Болашақтықтың айтуынша, жоба инсультті түрлері бойынша саралауға және ми ұлпасында зақымданудың ошақтарын анықтауға көмектеседі.

«Біз кейбір ауруханаларда өлім-жітім санын 63%-ға дейін төмендете алдық»,- деп атап өтті «Болашақ» түлегі.

Досжанның медициналық стартапына Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов қызығушылық білдірді. Ол қазақстандық әзірлемеге $1 млн инвестиция салды.

«Болашақ» түлегінің айтуынша, қазіргі уақытта жоба дәрігерлер мен пациенттерге тегін көмектеседі. Инвестиция алғаннан кейін оның жобасы инсульт орталықтарын одан да белсенді түрде қамтамасыз етіп, қазір Қазақстанның инсульт клиникаларының 37%-ын қамтиды. Сонымен қатар, зерттеушілер ұжымы көбейіп, халықаралық жарыстарға белсене қатысуға және халықаралық деңгейге шыға бастауға мүмкіндік берді.

Болашақтық 2016 жылдан бастап жеке стартаптарымен айналысуда. Досжанның алғашқы жобасы Med365 болды. Бұл қауіпті өндіріс пен көлік қызметкерлерін дәрігерлік тексеруді автоматтандыру жүйесі.

Жарияланым Forbes.kz материалдары бойынша дайындалған.

фото на сайт.png