Жарияланған күні:

БОЛАШАКЕР АУТИЗМІ БАР БАЛАЛАРДЫҢ ӨМІРІН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТЕДІ

Азамат Ешмұхаметов «Болашаққа» тек білім үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа көзқарасы үшін де алғыс білдіреді

Бірнеше жыл бұрын Азамат Ешмұхаметовтың ұлына аутизм спектрі бұзылысы (АСБ) диагнозы қойылды. Бұл отбасы үшін үлкен сынақ болды. Азамат пен жұбайы, көптеген ата-аналар сияқты, жауап іздей бастады. Олар мақалалар оқып, дәрігерлермен кеңесіп, емдеу жүйесін түсінуге тырысты. Бұл ұйқысыз түндер мен көз жасына толы, қиын кезең болды.

АСБ бар балаларға арналған технологиялар нарығы көптеген отбасылар үшін қолжетімсіз болып шықты. Жағдайы бар ата-аналар шетелге кетеді. Онда емдеу миллиондаған теңгеге түседі, бірақ кепілдік бермейді. Қазақстанда қарқынды курстар ұсынылады, бірақ олардың ішінде тиімділері де, пайдасыздары да бар.

Қазақстанда аутизмі бар балаларды емдеу мен оңалту айына 200 мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл сома дәрігерлердің кеңестерін, психологтармен, дефектологтармен және логопедтермен өткізілетін сабақтарды, дене шынықтыру терапиясын (ЛФК), арнайы курстар мен терапияны, сондай-ақ инклюзивті балабақшалар мен орталықтардағы қосымша сабақтарды қамтиды. Егер бұл қаражат шын мәнінде көмектессе, мәселе басқаша болар еді. Алайда ұзақ ізденістерден кейін Азамат бірде-бір құрал немесе терапия нақты нәтиже кепілін бермейтінін түсінді. Прогресті бақылауға мүмкіндік беретін технологиялар жоқ. Кейде тіпті дәрігерлер де жұмыстың дұрыс жүргізіліп жатқанын білмейді. Бұл кері шегінуге әкеледі. Сол кезде Азамат балаларға көмектесетін технология жасауды ұйғарды.

«Біз жұбайым екеуіміз ұлымыз сияқты мыңдаған бала бар екенін түсіндік. Олардың көбісінің қажетті технологияларға қолжетімділігі мүлдем жоқ. Біздің мақсатымыз – бұл технологияларды қолжетімді ету, ал кейбіреулері үшін мүлде тегін қылу», – дейді Азамат.

1.jpg

Изотропты Стюарт платформасы негізіндегі параллель манипулятор

Идеядан алғашқы прототипке дейін

Осылайша оның жобасы пайда болды. Үш айдан бері Азамат пен оның командасы изотропты Стюарт платформасы негізіндегі параллель манипуляторды әзірлеуде. Бұл құрылғы АСБ (аутизм спектрі бұзылысы) бар балаларға арналған терапияның маңызды бөлігіне айналады.

Құрылғы концепциясы баланың мишығын жаттықтыруға негізделген, бұл оның вестибулярлық аппаратының дамуына ықпал етеді. Мишық қозғалысты үйлестіруге, бұлшықет тонусына, тепе-теңдік пен қалыпқа, сондай-ақ когнитивті қабілеттерге жауап береді.

Азамат бұл туралы былай дейді: «Вестибулярлық аппаратты жаттықтыра отырып, біз баланың әрі қарай дамуы үшін негіз құрамыз. Бұл бірінші, бірақ ең қиын кезең».

Құрылғының жұмысы келесідей: бала платформаның үстіне қойылады, ол алты бағытта қозғалып, әртүрлі сценарийлерді имитациялайды. Бұл аутизмі бар балаларға өз денесін және айналасындағы кеңістікті жақсырақ сезінуге көмектеседі, сондай-ақ негізгі үйлестіру дағдыларын нығайтады. Ең бастысы, бұл платформа тіпті ерекше сенсорлық қажеттіліктері бар балаларға да жарамды, мысалы, кейбір балалар биіктіктен қорқу сезімін сезінбейді.

Қазіргі уақытта команда платформаның шағын прототипін жасап, оны алғашқы сынақтан сәтті өткізді. Қазір үлкенірек прототип әзірленуде: жобалау жұмыстары аяқталуда, қозғалтқыштар тапсырыс берілді. Жоба үшін маңызды рөлді манипулятор архитектурасына жауапты докторант Айсұлу Төлеуқұлова атқарады. Ал жобаның өзі MiraiTech стартапы аясында жүзеге асуда, оның негізін қалаушы – Гүлнұр Қалимулдина.

Адамдар үшін ғылым

Азамат – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол Жапонияда Tokai University-де машина жасау мамандығы бойынша білім алды. 2016 жылы магистратураны сәтті аяқтап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша жұмыс өтеу мерзімін кейінге шегеріп, докторантурада оқуын жалғастырды. Қазір ол бағдарламаның жұмыс өтеу кезеңін аяқтап, Назарбаев Университетінде робототехника пәнінен дәріс оқиды және заманауи мехатроника зертханасын басқарады.

«Алғашқы стартаптарымды бастаған кезде, нарықпен байланысудың қаншалықты маңызды екенін түсінбедім. Кейде ешкімге қажеті жоқ инновация ұсына алатынмын. Сұранысқа ие технологиялар жасау үшін адамдардың шынайы проблемаларын түсіну қажет. Ғылымды ғылым үшін дамытуға болады, ал біз оны адамдар үшін дамытуды таңдаймыз. Бұл шешіміміз дұрыс деп үміттенемін», – дейді Азамат. Оның қазіргі қағидасы – практикалық маңызы бар жобаларды әзірлеу.

Жұмыс мәдениеті

Егер Қазақстанда Азамат «адамдар үшін ғылым» философиясын қалыптастырса, Жапонияда ол командалық жұмыстың және тар маманданудың маңыздылығын түсінді.

«Мен «Болашаққа» тек білім үшін ғана емес, сондай-ақ әлемді жаңа қырынан танытқаны үшін алғыс білдіремін. Бұл бағдарлама маған ғылыми зерттеулер әлемінің есігін ашты», – деп еске алады Азамат. Сонымен қатар, ол дәл осы «Болашақ» бағдарламасы аясында болашақ жарын кездестіргенін жылы лебізбен айтты.

Жапонияда оны жүйелі жұмыс тәсілі қатты таңғалдырды. Әркім өз тар мамандығына баса назар аударады және командаға өз үлесін қосады. «Қазақстанда әмбебап маман болу қажет, мысалы, робототехника саласында маман механика, электроника және бағдарламалау дағдыларын қатар меңгеруі керек. Ал Жапонияда бұл міндетті емес. Олар командалық жұмысты жетік меңгерген, сондықтан олардың өнімдері жиі сапалырақ болып шығады», – деп түсіндіреді Азамат.

3.jpg

Стартаперлер Медетхан Алтымбек және Азамат Ешмұхаметов

Сонымен қатар, Жапонияда күшті мұрагерлік мәдениеті бар, онда аға зерттеушілер (семпай) өз жобаларын және білімдерін жас әріптестеріне (кокай) тапсырады. Зерттеулер бірнеше ондаған жылдар бойы жалғасуы мүмкін, нәтижесінде елеулі нәтижелерге жеткенше. Бұл тәсіл проблемаларды ұзақ уақыт бойы зерттеуге және нәтижеге қол жеткізбей тоқтамауға мүмкіндік береді. Өйткені үш-төрт жылда нәтиже алу мүмкін емес. Осы екі аспектіні Азамат Қазақстандағы ғылыми ортаға енгізуді қалайды.

Қазақстандағы стартаптар: өсу және қиындықтар

Жетістіктерге қарамастан, команда қаржылық қиындықтарға тап болуда. Қазақстанда стартап мәдениеті әлі жаңа қалыптасып келеді. Қаржыландыру әлсіз, ал жүйелі қолдау жиі жетіспейді. Азаматтың айтуынша, көптеген инвесторлар жылдам нәтижелерді талап етеді, бұл ғылымда мүмкін емес — әзірлеу уақытты талап етеді. Команда гранттық конкурстарға белсенді қатысады, бірақ бәсекелестік жоғары.

«Біз үшін ақша басты емес. Егер сіз тек ақша үшін жұмыс істесеңіз, біраз уақыттан кейін мотивация жоғалады. Бірақ идеяңыз болса, үлкен идеология болса, ол сізді тіпті қиын кезеңдерде қолдайды. Біздің жобамыз балаларға арналған, біз оны дәл Қазақстанда дамыту жоспарымыз бар», — деп атап өтті Азамат.

«Қазіргі уақытта жобамыз Бақытгүл Насирдинқызы басқаратын IndigoBala орталығының қолдауын алып отыр. «Олар бізге сеніп, қолдады. Біз осы салада бірінші болып тұрмыз, ұқсас зерттеулер әлі жоқ. Ал біз енгізіп жатқан нәрсе — ғылыми тұрғыдан дәлелденген және мақұлданған әдіс», — деп баса айтты ол.

Саладағы проблемалар

АСБ (аутизм спектрі бұзылысы) бар балаларға арналған терапевтік технологиялардың басты қиындықтары арасында Азамат жүйелі зерттеулердің жетіспеушілігін және диагноз қоюдың қиыншылығын атап өтті.

«Негізгі проблема — деректердің жетіспеушілігі. Кейде дәрігерлер ЛФК немесе АФК бағдарламасын дұрыс құра алмайды, бұл кері шегінулерге әкеліп соғуы мүмкін, нәтижесінде алты айлық жұмыс тиімсіз болады. Біз осы процестерді қамтып, баланың прогресін мониторинг жасауға ұмтылудамыз», — деп түсіндіреді ол.

Соңғы онжылдықта аутизм спектрі бұзылысы мен сенсорлық дисфункциясы бар балалардың саны үнемі өсіп келеді. Бұл жаңа технологиялар мен шешімдерге деген қажеттілікті арттырады.

Үлкен өзгерістерге алғашқы қадам

Азамат пен оның командасының платформасы панацея емес, бірақ АСБ бар балаларға қолдау көрсету үшін маңызды құрал болып табылады. Олардың зерттеулері ғылыми журналдарда жарияланып, коррекциялық орталықтармен ынтымақтастық үлкен перспективаларды уәде етеді.

2.jpg

Азамат Ешмұхаметов пен Гүлнұр Қалимулдина командасы

Азамат атап өткендей, олардың құрылғысы 100% нәтиже бермесе де, осы салада осындай нәтижеге қол жеткізетін шетелдік құрылғылар әлі жоқ. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларға арналған олардың құрылғысы үшін қолжетімді шешімдер өте аз, және олардың платформасы шын мәнінде маңызды құрал бола алады.

Авторы: Дариға Булат