Жарияланған күні:
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Қуаныш Алтынжанов Абай облысындағы Қарақол ауылындағы мектепте математикадан сабақ береді. Финляндия, Сингапур, Солтүстік Ирландия елдерінде білім алып, біліктілігін арттырған мұғалім ауыл балаларын заманауи стандарттарға сәйкес оқыту үшін туған жеріне келген. Kazinform тілшісі 5 қазан — Ұстаздар күніне орай «Болашақ» бағдарламасының түлегін әңгімеге тартып көрді.
— 1984 жылы Абай облысы Үржар ауданы Қарақол ауылында дүниеге келдім. Осындағы орта мектепте 11 жыл білім алып, қызыл аттестатқа бітірдім. Содан соң Семей мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнын 2007 жылы «математика» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолым сол жылы Екібастұздағы мектепте басталды. 2010 жылы Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа тұрдым. Ал Қарақол ауылындағы орта мектепте 2021 жылдан бері еңбек етіп келемін.
Өзім бала күнімнен математиканы жақсы көретінмін. Осы жолды таңдауыма математикадан сабақ берген ұстазым Сәтен Рамазанқызы себепші болды. Қызығушылығымды арттырып, жол нұсқады. Мұғалім болғаныма еш өкініп көрген емеспін.
— 2011 жылы Сингапурда «Problem based learning» деп аталатын проблемалық оқыту тақырыбындағы курсқа қатыстым. Бір жылдан кейін ағылшын тілін шыңдау мақсатында Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында тілдік курсқа бардым. 2013 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Финляндиядағы HAMK (Häme University of Applied Sciences) университетінде жоғары сыныптарда математиканы ағылшын тілінде оқыту бойынша педагогикалық тағылымдамадан өттім.
Тек тілді ғана емес, мұғалімге қажетті қабілеттерді дамытуды үйрендік. Бізді сол жақтағы мектептерге апарды, ғылыми жоба қорғатты, өз тәжірибелерімен бөлісті. 10 ай ішінде көп дүниені санаға түйдім.
2015 жылы Мәскеудегі Ломоносов атындағы мемлекеттік университетте (МГУ СУНЦ) олимпиадаға дайындық курсын тәмамдадым. 2018 жылы ұстаздар арасында өткен халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанғаным да бар.
— Мұғалімдер мен оқушылар арасында еркіндік, қарапайымдылық байқалды. Мектептерде мамыражай, жанға жайлы орта қалыптасқан. Сабақ беру процесінде жаңа технологиялар қолданылады. Жалпы бұл білім беру жүйесіне Финляндия 70 жылда келген. Осы уақыт ішінде талай өзгеріп, ең ыңғайлы, озық әдістерді қалыптастырған. Мұнда бастауыш, орта, жоғары сынып оқушыларының өз мектептері бар. Әр мектептің өз ғимараты, өз директоры болады.
Бастауышта 1-4 сыныптар, ортада 5-9 сыныптар, жоғарыда 10-12 сыныптар білім алады. Мұғалімдер балаларға еркіндік беруден қорықпайды, әр тақырыпты ашық талқылайды. Осының арқасында олар шығармашылық тұрғыда жетіліп, сыни ойлау қабілетін дамытады. Ал 12 сыныптағы оқушылар шаштараз, қолөнер, стилист, сынды түрлі мамандықтарды қосымша үйреніп шығады. Бұл да мектеп бітірейін деп тұрған жастар үшін жаңа мүмкіндіктер сыйлайды.
— «Туған жердің жусаны да жұпар» дейді ғой қазақ. Біріншіден, кіндік қаным тамған жерді сағынып келдім. Екіншіден, ауыл балаларына шетелден алған білімім мен тәжірибемді бөліссем деймін. Әр бала қай жерде туып-өскеніне қарамастан, сапалы білім алуға лайықты. Мақсатым — ауылдағы мектеп қабырғасында оқушылардың қабілеттерін дамытып, оларды болашақта үлкен белестерге шығуға дайындау. Әлемдік тәжірибені қолдану арқылы ауыл балаларының да бәсекеге қабілетті білім алуына мүмкіндік жасағым келеді. Балаларды олимпиадалық резервке дайындау мақсатында да еңбектеніп жүрмін.
— Мұғалім әр балаға назар аударуы керек. Алдыңда 10, мейлі 20 бала отырса да әрқайсысына жеке көңіл бөлген жөн. Кез келген баланың дарыны болады. Бірақ оны ояту қажет. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебінде бір оқушым болды. Математикадан үлгерімі нашар. Егер оған 3 қойсам оқудан шығып қалайын деп тұр. Себебі ол жақта 3 бірдей пәннен үштік баға қойылса баланы шығарып жібереді. Анасы келіп «балам көбінесе орысша сөйлейтін еді, түсіністік танытсаңыз» деп өтінді. Оған математика тек тілге ғана байланысты еместігін түсіндірдім.
9 мамыр күні мектепте концерт өтті. Жаңағы оқушым сахнаға шығып Жеңіс күніне арналған ән шырқағанда бүкіл зал шапалақ соқты. Дауысы сондай керемет! Құйқам шымырлап, денем тітіркеніп кетті. Содан соң балаға барып «Талантың бар екен. Саған 4 қойып берейін. Тек сабаққа келгенде мен айтқан есептерді шығарып отырсаң» дедім. Денесінен ауыр жүк түскендей болды ма, әлде талап жеңілдегеннен шабыты ашылды ма, әйтеуір оқушым математикаға зер салып, үлгерімі жақсарып кетті. Оған да мүмкіндігінше жеке уақыт арнап, әр сұрағына жауап беріп отырдым.
Нәтижесінде қазір мектепті ойдағыдай аяқтап, Назарбаев зияткерлік университетіне оқуға түсті. Одан кейін оқушылармен олардың тілінде сөйлесе білу керек. Мәселен, сабақта бір бала «Ұстаз, кеше Tiktok-тан бір видео көрдім» десе «Неге көресің?! Ол зиян ғой» демей, қандай видео екенін тыңдап, жол нұсқап, бағыт-бағдар беріп отырған жөн. Үлгерімі нашар баланы үздік оқушылармен бірге отырғызуға, араластыруға тырысамын. Себебі баланың білім алуға деген ынтасы оның ортасына да байланысты.
— Мықтылардың бәрі ауылдан шығады ғой. Ауылдағы балалар өте ақылды, қабілетті, зерек. Оларға дұрыс түсіндірсең болды, бәрін қағып алады. Сондықтан баланың білімге деген құштарлығы ұстазға байланысты деп ойлаймын.
Фото Қуаныш Алтынжановтың жеке мұрағатынан
Мәтін – Kazinform редакциясынан алынған