Жарияланған күні:
Рахат-Би Абдысагин Лондонның Құрметті Музыканттар Қоғамының 2024 жылғы беделді Күміс медаліне ұсынылды!
Композитор және пианист Рахат-Би Абдысагин «Болашақ» бағдарламасымен Шотландияның Корольдік консерваториясында докторантурада білім алуда. Ол Ұлыбританияның ең көне сыйлықтарының бірі – Лондонның Құрметті Музыканттар Қоғамының Күміс медаліне ұсынылды!
Марапаттау рәсімі 2024 жылдың 13 қарашасында Лондонда өтеді және бұл музыкалық қауымдастық үшін маңызды оқиға болмақ!
Лондонның Құрметті Музыканттар Қоғамы (The Worshipful Company of Musicians) 1350 жылы құрылған ең ежелгі гильдиялардың бірі. Бастапқыда музыканттар гильдиясы ретінде негізі қаланған ұйым XIX ғасырдың соңында музыкалық миссиясын жаңғыртып, қазіргі уақытта жас музыканттарды және музыкалық білімді белсенді түрде қолдайды.
«Күміс медаль» – 1889 жылдан бері беріліп келе жатқан Қоғамның ең көне әрі ерекше сыйлығы. Бұл марапат Ұлыбританияның жетекші консерваторияларының студенттері арасынан таңдаулы, ең үздік жас музыканттарға беріледі. Бұл медальге ұсынылу – тек таңдаулы музыкалық оқу орындарына ғана бұйыратын үлкен мәртебе.
Биыл 17 ақпанда Рахат-Би Глазго кафедралды соборында «The Bruce» атты операсының тұсаукесерін өткізді. Шотландия королі Роберт I Брюске арналған бұл әлемдік премьера Джон Барбурдың «Брюс» поэмасының негізінде жазылған және Рахат-Бидің докторлық зерттеуінің маңызды бөлігі болып табылады. Опера өткен мен болашақты байланыстыратын мәдени құндылықтарды көрсетеді.
Рахат-Биге сәттілік тілейміз және марапаттау рәсімін асыға күтеміз!