Жарияланған күні:
Бүгін Астанада Astana Hub көрме алаңында «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында оқып келген IT-мамандарға, инженерлер мен техникалық қызметкерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс - шараны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Болашақ» стипендиясының әкімшісі - Халықаралық бағдарламалар орталығы ұйымдастырды.
Алғы сөзінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов «Болашақ» бағдарламасының түлектері жаңаша ойлап, тың түйін табатын мамандар екенін атап өтті. 12 мыңнан астам қазақстандық әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарында оқып келді. Стипендиаттар алған білімдерін қолданып, білім, медицина, экономика, инновация, технология және т.б. сынды салалардың дамуына үлес қосып келеді.
Іс-шараға IT, телекоммуникациялар, аэроғарыш және электронды өнеркәсіп саласындағы 20-ға жуық компания қатысты. Олардың арасында Қазақтелеком, QazInnovations, Қазпошта, Кселл, Tele2, Қазақстан ғарыш сапары, Astana Hub және т.б.
Сонымен қатар, іс-шара барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Халықаралық бағдарламалар орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«IT, телекоммуникация индустриясындағы кадрларға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Мұндай IT мамандарына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері «Болашақ» түлектері үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де маңызды. Халықаралық бағдарламалар орталығы түлектерге жұмысқа орналасуға тұрақты түрде жәрдемдеседі. Бүгінде біз 280-нен астам жұмыс берушілермен ынтымақтастық жасаймыз. Нәтижесінде, мониторингтегі түлектердің 99% - ға жуығы жұмысқа орналастырылған. Жыл соңына дейін түлектеріміз үшін тағы бір жәрмеңкені өткізу жоспарда бар», - деді Әнуар Жанғозин.
Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс іздеушілер мансаптық өсу, әлеуметтік кепілдіктер, ұсынылатын бос жұмыс орындарының еңбек ақысы туралы ақпарат алды.