Жарияланған күні:
Елена Кудибасова «Болашақ» бағдарламасы бойынша Сан-Диегодағы Калифорния университетінде (University of California, San Diego) «Электр энергетикасы» бағыты бойынша тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама елдің бірыңғай энергия жүйесіне ірі ауқымды жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) интеграциялау мәселелерін зерделеуге бағытталған. Бағдарлама шеңберінде Қазақстанның энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесін ұлғайту жағдайында энергия жүйелерінің тұрақтылығы мен сенімділігінің техникалық аспектілеріне ерекше назар аударылды. 2011 жылдан бастап Елена «KEGOC» АҚ Жүйелік операторының Ұлттық диспетчерлік орталығында релелік қорғау және автоматика қызметінің жетекші инженері лауазымында жұмыс істейді.
Оның кәсiби мiндеттерiне мыналар кiредi: есептеулер жүргiзу, апаттық режимдердi моделдеу, релелiк қорғау қондырғыларын таңдау және Қазақстанның Бiрыңғай электр энергия жүйесiнiң тұрақтылығы мен сенiмдiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да негiзгi мiндеттер.
Елена «ЖЭК интеграциясын ескере отырып, қысқа тұйықталу тогын есептеу жөніндегі әдістемелік нұсқауларды» әзірлеуге қатысты. Аталған нұсқауларды әзірлеу USAID қолдауымен Германиядан келген магистранттармен бірлесіп жүргізілді.
Қазіргі уақытта ол KEGOC жаңартылатын көздерінен электр энергиясын өндіруді болжауға арналған бағдарламалық жасақтаманы енгізумен айналысады.
KEGOC мамандары, оның ішінде Елена Кудибасова да бірге қосылып, Мирный ЖЭС (1 ГВт, Жамбыл облысы), MASDAR ЖЭС сияқты техникалық шешімдерді әзірлеу мен жобаларды сараптауға, сондай-ақ Оңтүстік аймақты күшейту және Батыс энергия торабының энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру жөніндегі басқа да бастамаларға белсенді қатысады.
"Тағылымдаманың арқасында мен мол тәжірибе жинақтадым. Осы уақыт ішінде біз ірі энергетикалық нысандарды, ғылыми зертханалар мен конференцияларды аралап, энергетика саласындағы соңғы инновациялық жобалар мен әзірлемелермен таныстық. Кәсіби техникалық білімнен басқа, тағылымдама кезінде ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық үшін коммуникацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінеді ", - деп атап өтті түлек.