Жарияланған күні:
Бүгін Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма Төрағасы Әлия Оспанова FIABCI - Орталық Азия, Халықаралық жылжымайтын мүлік мамандары федерациясының тең құрылтайшысы және бас хатшысы Әлия Серікпаевамен меморандумға қол қойды. Бұл ынтымақтастық қазақстандық мамандарды тұрақты құрылыс және урбанистика саласында даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Аталған бастама Қазақстан Президентінің экологиялық таза және энергия тиімді қалаларды құру, сондай-ақ көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әлия Оспанова бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтті:
«Бүгін мен үшін 1993 жылдан бері әлемнің үздік университеттері мен зерттеу орталықтарында 13 мыңнан астам маманды даярлаған президенттік «Болашақ» стипендия бағдарламасын таныстыру үлкен мәртебе. Бұл дарынды азаматтар елге оралып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосты. Орталық Азиядағы FIABCI филиалының президенті Әлия Серікпаева біздің бағдарламамыздың жарқын түлегі екенін мақтанышпен айтамын».
Экологиялық тұрақты құрылыс мәселелеріне ерекше назар аударылды:
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізетінін жариялады. Бұл – үлкен міндет, әсіресе көміртегі шығарындыларының 40%-ын құрайтын құрылыс секторы үшін маңызды. Біз екі негізгі мәселеге тап болып отырмыз: жаңа форматтағы ғимараттарды қалай саламыз және экологияны ластайтын ескі ғимараттарды не істейміз. Бұл сұрақтар біз үшін өте маңызды және біз осы мәселелерді шешу үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы инженерлер мен құрылыс саласының мамандарын даярлауға тырысудамыз.» - деп атап өтті, Әлия Оспанова
FIABCI-мен ынтымақтастық Қазақстан мамандарына урбанистика, архитектура, тұрақты қалалар, «ақылды» қала жүйесі, құрылыс инженериясы, жобалау және құрылыс, қала агломерациясын басқару және құрылыстағы су ресурстарын басқару сияқты салалардағы әлемдік озық тәжірибелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Аталған ынтымақтастық аясында қазақстандық мамандар магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша білім алып, сондай-ақ кәсіби тағылымдамалар мен ғылыми тағылымдамадан өте алады.
FIABCI — жылжымайтын мүлік саласындағы мамандарды біріктіретін ең ірі халықаралық ұйым. 1940 жылдардың ортасында Парижде құрылған FIABCI әлемнің 47 өкілдігі мен 90-нан астам елде миллионнан астам қатысушыларды қамтиды. FIABCI БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінде (ECOSOC) арнайы консультативтік мәртебеге ие. FIABCI тұрғын үй, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуде белсенді қатысып, қоғам қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оңтайлы шешімдер ұсынуға ықпал етеді.
Осы меморандумға қол қою – «жасыл» экономикаға көшу және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша ұлттық міндеттерді орындау жолындағы тағы бір қадам.
Суреттер: Әлішер Қадышов