Жарияланған күні:

ГАРВАРД УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМА: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМНЫҢ ЖОЛЫ

Гүлнұр Мақұлбаева — білімге салынған инвестицияның ұзақ мерзімді нәтиже беретінінің жарқын үлгісі. 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында беделді Peking University-де бакалавр дәрежесін алып, 2023 жылы Назарбаев Университетінде PhD дәрежесін қорғады. Сол жылдан бастап Гүлнұр Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында доцент қызметін атқарып келеді. Қазіргі уақытта ол «500 ғалым» бағдарламасы аясында Гарвард университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.

Гарвард университетіндегі тағылымдаманың артықшылықтары

Әлемдегі ең үздік университеттердің бірі саналатын Гарвардта тағылымдамадан өту – ерекше академиялық және кәсіби мүмкіндіктерге жол ашады. Бағдарлама қатысушылары Гарвард пен MIT-тің барлық ресурстарына қол жеткізе алады: кітапханалар, семинарлар, ғылыми іс-шаралар, сондай-ақ жетекші ғалымдар жүргізетін курстар. Мысалы, Гүлнұр саяси ғылымдар саласындағы танымал сарапшылар – доктор Стивен Левицкий мен доктор Пиппа Норрис оқыған курстардан өтті.

Бағдарлама аясында қатысушыларға Cambridge University Press, Harvard University Press және Princeton University Press сынды ірі ғылыми баспалардың бас редакторларымен кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Гарвард университеті шақырылған зерттеушілерге толық академиялық инфрақұрылымды ұсынады: жеке кеңсе, корпоративтік электрондық пошта, университеттің ресми сайтында жеке бет, сондай-ақ тиімді ғылыми жұмысқа қажетті барлық логистикалық жағдайлар.

Гүлнұр Post-communist Studies және Imperia Project секілді зерттеу воркшоптарына белсенді қатысуда. Гарвардтағы тағылымдама барысында ол Орталық Азия контекстінде теорияларды сынау дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық зерттеулерде қолдануға болатын жаңа теориялық модельдер жасауды үйренді.

1 фото.jpg

Ғылыми жетістіктері

Тағылымдама кезінде Гүлнұр Мақұлбаева өз зерттеулерін жетекші халықаралық алаңдарда ұсынды. Оның «Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің қызметі мен әлеуметтік капиталы» атты жұмысы Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығында өткен коллоквиумда таныстырылып, доктор Наргис Қасенова тарапынан сараптамалық пікір алды. Ал «Consultative Authoritarianism: The Case of Kazakhstan» баяндамасы посткоммунистік зерттеулер алаңында ұсынылып, Браун университетінің профессоры Линда Кук тарапынан құнды ұсынымдар алды.

Ғылыми қауымдастықты дамытуға деген ынтасы Гүлнұрдың бастамасымен құрылған «Шайхана» клубынан да көрініс тапты. Гарвардтың Дэвис орталығы жанынан ашылған бұл клуб магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарын Орталық Азиядан шақырылған зерттеушілермен бірлесе талқылауға арналған платформаға айналды.

Маңызды жетістіктердің бірі – Гүлнұрдың халықаралық V-Dem сараптамалық желісіне енуі болды. Ол Deliberation, Civil Society және Civic and Academic Space бағыттары бойынша сарапшы ретінде іріктеуден өтіп, Қазақстан атынан ресми сарапшы атанды.

Сонымен қатар, Гүлнұр ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынатын ғылыми гранттық жобаларға белсенді қатысып, ғылыми жарияланымдармен айналысып жүр. Жақында доктор Дина Шариповамен бірлесіп жазған «Public Council Performance in Kazakhstan» атты мақаласы социология және саясаттану бағыттары бойынша Q1 санатына кіретін беделді Europe-Asia Studies журналында жариялануға қабылданды.

2 фото.jpg

3 фото.jpg