Жарияланған күні:

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ UNIVERSITY MEDICAL CENTER МЕДИЦИНА ХОЛДИНГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқармасының төрағасы Олжас Сәкенов University Medical Center медицина холдингінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында «Болашақ» бағдарламасы бойынша жаңалықтар мен оқуға түсу мүмкіндіктерінің кеңейтілгені туралы айтты.

«Биыл оқуға түсетіндерді қолдау және медициналық бағыттағы үміткерлердің «Болашақ» бағдарламасының академиялық бағдарламаларына қолжетімділігін арттыру үшін арнайы жеңілдік санаты енгізілді. Енді қазақстандық медицина қызметкерлері 12 айға дейінгі мерзіммен тегін тілдік дайындықтан өте алады», - деп атап өтті өз сөзінде Халықаралық бағдарламалар орталығы Басқармасының төрағасы Олжас Сәкенов.

Бұған қоса, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде медицина және денсаулық сақтау қызметкерлері әлемнің жетекші клиникалары мен университеттерінде тағылымдамадан өте алады.

Кездесуде дәрігерлер, фельдшерлер сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Олардың арасында – медицинада аясы өте тар бағыттар бойынша басым мамандықтар тізбесін кеңейту, тізімге жетекші медициналық жоғары оқу орындарын енгізу. Олжас Сәкенов барлық ұсыныстардың ескеріліп, жұмыс жасалатынын айтты.

Биыл басым мамандықтар тізбесі медициналық бағыттағы 70-ке жуық мамандықты көздеп отыр, олардың ішінде 39-ы тағылымдамадан өтуге арналған.