Жарияланған күні:
Халықаралық бағдарламалар орталығында Шэньчжэньдегі Гонконг қытайлық университетінің Академиялық байланыстар басқармасының маркетинг жөніндегі үйлестірушісі Розмари Баймен кездесу өтті.
Кездесуге Орталық тарапынан Басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахмет және Халықаралық ынтымақтастық басқармасының бас менеджері Айнұр Нұрмұхаметова, сондай-ақ NIS кадрлар департаменті директоры Самгат Булебаев, NIS Білім беру сапасын бағалау және халықаралық аккредиттеу департаментінің аға менеджері Анара Чаукерова, Bilim Innovation ұйымының Колледж және мансаптық бағдар беру департаментінің басшысы Азамат Төлепбергенов қатысты.
Тараптар PhD бағдарламалары бойынша ықтимал серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін, соның ішінде Халықаралық бағдарламалар орталығы (CIP) мен CUHK-Шэньчжэнь арасындағы бірлескен жобаларды дамытудың жолдарын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, NIS және BIL мектептерінің жоғары сынып мұғалімдерін университеттегі Кәсіби тағылымдама бағдарламасына (Professional Internship Program) жіберу мүмкіндіктері қарастырылып, тәжірибе алмасу мен кәсіби дамуды жетілдірудің тиімді тәсілдері пысықталды. Ұзақ мерзімді перспективада серіктестікті кеңейту, академиялық және кәсіби жобаларды интеграциялау бағыттары да анықталып, стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары белгіленді.
Бұл кездесу бұған дейінгі әріптестік байланыстардың жалғасы болды. Нақтырақ CUHK-Шэньчжэнь шақыруымен Орталық өкілдері қараша айында Шэньчжэньде өткен 2025 жылғы Халықаралық серіктестік күніне қатысып, «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы, ғылыми және кәсіби тағылымдамалар туралы ақпарат ұсынған болатын. Аталған іс-шара жаһандық білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында әлемнің жетекші шетелдік университеттері мен білім беру ұйымдарының өкілдерін біріктірді.