Жарияланған күні:

Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Кардифф университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

2025 жылғы 22 шілдеде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы А.Құсманов пен Кардифф университетінің (физика ғылымдары және инженерия колледжі) проректоры Professor Gavin Shaddick Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Бұл келісім қазақстандық студенттер мен зерттеушілерге озық білім беру және ғылыми мүмкіндіктерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейту шеңберіндегі маңызды қадам болды.

Кардифф университеті Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірлестігі – беделді Russell Group құрамына кіреді. Университет QS және Times Higher Education әлемдік рейтингтерінде тұрақты жоғары орында және медицина, инженерлік ғылымдар, әлеуметтік және гуманитарлық пәндер саласындағы жетістіктерімен, сондай-ақ дамыған ғылыми инфрақұрылымымен және инновациялық білім беру бағдарламаларымен танымал.

Қол қою рәсімінде сөз сөйлеген Әділ Құсманов: «Кардифф университетімен меморандумға қол қою қазақстандық ғалымдар үшін, әсіресе жасанды интеллект, инженерлік ғылымдар және медицина сияқты негізгі бағыттар бойынша ғылыми тағылымдамадан өту үшін жаңа көкжиектер ашады. Біз Кардифф университетінің серіктес болуға дайындығын жоғары бағалаймыз және біздің ынтымақтастығымыз қазақстандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әрі еліміздің адами капиталын дамытуға ықпал ететініне сенімдіміз», - деп серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

Бұл меморандум Халықаралық бағдарламалар орталығының әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік желісін кеңейтуге бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді.

фото.jpg