Жарияланған күні:

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КеАҚ медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

2025 жылғы 20 маусымда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КеАҚ (ҰБОО) арасында жұмыс кездесуі өтті, оның шеңберінде қос тарап медициналық білім беру және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

ҰБОО тірек-қимыл аппараты бұзылған, неврологиялық бұзылулары бар және басқа да диагноздары бар балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсететін елдің жетекші мекемесі. Орталық роботтандырылған механотерапияны, кәсіптік терапияны, логопедиялық түзетуді, нейропсихологиялық және физикалық оңалтудың заманауи технологияларын белсенді қолданады.

ҰБОО өкілдері Орталықтың негізгі бөлімшелері бойынша таныстыру экскурсиясын өткізіп, күнделікті тәжірибеде қолданылатын инновациялық тәсілдер мен техникалық шешімдерді көрсетті.

1.jpg

Кездесу барысында Орталықтың медицина мамандарының біліктілігін арттыру мүмкіндіктері талқыланды. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов: «Медициналық бағыт дәстүрлі түрде «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары шеңберінде басым бағыттардың бірі болып табылады. Медицина қызметкерлері үшін магистр дәрежесін алуға жеке квота санаттары қарастырылған. Сонымен қатар, денсаулық сақтау мамандары шетелдік жетекші мекемелерде 1 айдан 12 айға дейін кәсіби тағылымдамадан өте алады».

2.jpg

«Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Ажар Ғиният «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ командасына кездесу үшін алғыс білдіре отырып: «ҰБОО Қазақстан практикасына балаларды оңалтудың озық шетелдік әдістемелерін енгізу үшін ҚХР, Түркия, Франция және Ресей елдерінің мекемелерімен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Бұл ретте біз мультидисциплинарлық тәсілге ерекше мән береміз, өйткені әртүрлі бейіндегі мамандардың — дәрігерлердің, реабилитологтардың, логопедтердің, психологтардың және басқалардың топтық жұмысы ғана баланы барынша тиімді қалпына келтіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті. Бұл кездесу балаларды оңалту саласында жоғары білікті кадрларды даярлау үшін ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.