Жарияланған күні:
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның Harvard University Davis Center өкілдерімен кездесуі 2025 жылғы 20 тамызда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов Harvard University Davis Center өкілдерімен — Орталықтың атқарушы директоры Крис Мартинмен және Орталық Азия бойынша бағдарламала директоры Наргис Касеновамен кездесу өткізді.
Сапардың негізгі мақсаты ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылау болды. Келіссөздер барысында тараптар кәсіби және ғылыми тағылымдамалар бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды, сондай-ақ Үміткерлерді іріктеудің жаңартылған ережелерін егжей-тегжей талқылады.
«Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК мен Harvard University базасында бірлескен ғылыми-зерттеу орталығын құру бастамасына ерекше назар аударылды. Жаңа орталық сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды зерттеумен, сақтаумен және цифрландырумен, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын ілгерілетумен айналысады. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Davis Center-мен бірлесіп осы жоба үшін кадрлар даярлауда шешуші рөл атқарады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ Әділ Құсманов Қазақстанның талдау орталықтары үшін кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық талдау орталықтарының өкілдері үшін біліктілікті арттыру және ғылыми тағылымдамалар бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға өзара қызығушылық танытты және ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін кең мүмкіндіктерді атап өтті.
