Жарияланған күні:

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті А. Кәрібозова «XII KazEnergy жастар» форумында сөз сөйледі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында XIV KazEnergy Eurasian Forum аясында өткен «XII KazEnergy жастар» форумында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова сөз сөйледі. Айнұр Бағдатқызы «Болашақ» бағдарламасының жаңа мүмкіндіктері туралы кеңінен әңгімелеп, соның ішінде бағларлама аясында тағылымдамадан өту туралы айтып берді.

Форум спикері, Орталық президенті Айнұр Бағдатқызы панельдік сессиядағы пікірталас барысында оқушыларға кәсіптік бағыт-бағдар беруде Халықаралық бағдарламалар орталығы «Болашақ» түлектерін белсенді түрде жұмылдырып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, түлектердің қатысуымен «Өскенде кім боласың?» атты менторлық іс-шарасы басталып кетті. Түлектердің талапкер балаларға тәлімгерлік етуі Нұр-сұлтан қаласынан бастау алып, 80 мектептегі 10 мыңға жуық бітіруші сынып оқушыларына тәлімгерлік көмек берілген. Іс-шара әрі қарай Түркістан облысында жалғасып, қазірдің өзінде өңірдегі 100 мыңға жуық оқушы (10-11 сынып) болашақ игеретін кәсібі туралы «Болашақ» түлектерінен ақыл-кеңес алған. Түркістандағы тәлімгерлік жоба Ulttyq Jobalyq Ofis дерекқорына еніп үлгерді.

Айнұр Бағдатқызы, сонымен бірге, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімімен үміткерлер 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуге ғалымдар (500 ғалым), педагогтер, денсаулық сақтау қызметкерлері, инженерлік-техникалық қызметкерлер, мемлекеттік қызметшілер, өнер және спорт саласының қызметкерлері санаттары бойынша тағылымдамадан өте алатынын айтып, тағылымдамдан өтуге қойылатын талаптар мен іріктеу турларына да тоқталып өтті. Яғни, құжаттар қабылдау түгел автоматтандырылған және тағылымдамадан өтуші стипендиат екі кепілгер ұсынса жеткілікті, жылжымайтын мүлікті кепілге қою міндетінен босатылады.