Жарияланған күні:

Халықаралық бағдарламалар орталығы ғылыми тағылымдамалар мәселелері жөніндегі онлайн кездесуге қатысты

Халықаралық бағдарламалар орталығы отандық ғалымдарға арналған әлемнің үздік зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамалар мәселелері жөніндегі онлайн кездесуге қатысты. Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, сондай-ақ медицина саласының 130-дан астам ғалымы қатысты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын 500 қазақстандық ғалымның әлемнің озық зертханаларында ғылыми зерттеулер жүргізуге бірегей мүмкіндігі бар. Биылғы жылы аталған бағдарлама аясында кандидаттарды іріктеу критерийлері жетілдірілді, алғаш рет ғылыми тағылымдамалар үшін әлемнің 34 елінен 420 ЖОО, ғылыми-зерттеу орталық пен ұйым тізімі қалыптастырылды. Сондай-ақ 130-дан астам мамандықты көздейтін ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізімі әзірленді», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар оралығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бахтияр Джангельдинов.

Кездесудің басты тақырыптарының бірі ғылыми тағылымдамалар бағдарламасына қатысу шарттары болды. Іс-шара барысында тиісті тағылымдаманы таңдау, өтінім беру рәсімі, кандидаттарға қойылатын талаптар және т.б. мәселелер талқыланды. АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық институты (MIT), Apple Inc, Корея Республикасындағы Samsung Corp және т.б. орталықтар мен компаниялар туралы айтылды. Сондай-ақ аталған орталықтар ғалымдар үшін бірегей мүмкіндіктерді, соның ішінде заманауи зертханаларды, әртүрлі зерттеу салаларындағы мамандармен жұмыс істеуді, ғылыми жобаларға қатысуды және т. б. ұсынатыны ерекше атап өтілді.

Ғалымдарды даярлау және тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Талқылау барысында ғылыми тағылымдамалар білім шыңдап, тәжірибе алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, басқа ғалымдармен байланыс орнату, ой-өрісті кеңейту және ғылыми ақпаратқа кеңірек қол жеткізу үшін керемет мүмкіндік екені туралы сөз қозғалды.

фото.jpg