Жарияланған күні:

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫНДА ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ХБО Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов АҚШ - тың жетекші жоғары оқу орны - Сиракуз университетінің өкілдерімен кездесті

Тараптар қазақстандық мамандарды даярлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу барысында серіктестікті кеңейту және жетілдіру, оның ішінде отандық ғалымдар үшін ғылыми тағылымдамаларға қатысты көптеген ұсыныстар айтылды.

Олжас Сәкенов «Болашақ» бағдарламасы аясындағы жоғары оқу орындар, ғылыми-зерттеу орталықтар және отандық ғалымдардың шетелдік ғылыми тағылымдамалары географиясын кеңейту бойынша жұмысты Орталық үнемі жүргізетінін атап өтті. Бүгінгі таңда «Болашақ» аясында әлемнің 27 елінен 236 үздік университет, сондай-ақ «500 ғалым» жобасы бойынша әлемнің 34 елінен 420 ЖОО, ғылыми орталық пен ұйым көзделген.

Сиракуз университеті - АҚШ-тың жетекші зерттеу университеті. Университет әлемдегі үздік ЖОО-лардың халықаралық рейтингтеріне үнемі еніп отырады. Түлектері арасында - Америка Құрама Штаттарының 46-шы президенті Джо Байден, үш Нобель сыйлығының лауреаты, Филдс медалінің иегері, 36 олимпиада жүлдегері, он үш Пулитцер сыйлығының лауреаты.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында 30 қазақстандық Сиракуз университетінде ақпараттық технологиялар, құрылыс, өнеркәсіптік инжиниринг және т.б. бағыттар бойынша оқып келді.