Жарияланған күні:
«Өскенде кім боласың?» әлеуметтік жобасы аясында қатысуға ниет білдірген «Болашақ» бағдарламасының түлектері әлемнің үздік жоғары оқу орындарында алған мамандықтарын, мансап жолдарын, білімдері мен дағдыларын таңдаудағы өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, воркшоптар, шеберлік сыныптары, оқыту және түсіндіру семинарларын өткізді.
«Аталмыш жобаның мақсаты қазақстандық оқушыларға кәсіби бағдар беру. Бүгінгі таңда «Болашақ» стипендиясының 150 - ден астам түлегі менторлық бойынша ерікті болды»,- деді Олжас Сәкенов.
«Болашақ» тәлімгерлерінің қатарында инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторлары бар.
Тәлімгерлік жоба іске асырылған 2 жыл ішінде Түркістан, Қарағанды, Павлодар облыстарында, Астана қаласында орналасқан 450-ден астам жалпы білім беретін мектеп қамтылды.
Менторлық құраммен кездесуде Олжас Сәкенов Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығына, Павлодар облысының білім басқармасына және «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, осы әлеуметтік жобаның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады.