Жарияланған күні:

ХБО және Италия елшілігінің өкілдері ғылыми тағылымдамалар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты

Бүгін Халықаралық бағдарламалар орталығында Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов Италияның Қазақстандағы Елшісінің 1-хатшысы Винченцо Спинеллимен кездесті. Отандық ғалымдар үшін Италияның үздік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, зерттеу бағыттарын кеңейту, халықаралық ғылыми қауымдастықпен тәжірибе алмасу, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы жайлы сөз қозғалды.

Олжас Сәкенов биыл «500 ғалым» жобасы аясында алғаш рет әлемнің 34 елінен 420 ЖОО, ғылыми-зерттеу орталығы мен ұйым тізімі жасалғанын айрықша атап өтті. Олардың қатарында Болон университеті, Милан техникалық университеті, Милан мемлекеттік университеті және т. б. сынды Италияның 9 жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу орталығы бар.

Сонымен қатар тараптар мамандарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияда даярлау бойынша білім беру жобаларын іске асыруға уағдаласты. Бүгінгі таңда 50-ге жуық қазақстандық халықаралық стипендия аясында Италияда дайындықтан өткен.