Жарияланған күні:
Қазақ мәдениеті күні АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының бірі Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетінде кеңінен атап өтілді. QS рейтингінде ЖОО 64-орынды, THE рейтингінде 42 орынды алады. Іс-шараны осы ЖОО-да оқитын «Болашақ» бағдарламасының және «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасының стипендиаттары ұйымдастырды.
Әлемнің жиырмадан астам елінің студенттері мен аталған университет профессорлары қатысқан шара «Экономика» факультетінің магистранты Дәулет Тұрсынбай мен «Материалтану және инженерия» факультетінің докторанты Нурила Қамбардың тұсаукесерінен басталды. Іс-шараға келген қонақтар халықаралық қауымнан құралғандықтан презентация танымдық және қазақ мәдениетіне үңілуге мүмкіндік бере отырып, Қазақстан жайлы мәліметтермен қоса, қазақтың салт-дәстүрі мен көшпелі өмір салтынан туындаған, қазақ қоғамында тамырын тереңге жайған рухани және мәдени нышандар атап өтілді. Бұл қатысушыларға қазақстандық бірегейлік туралы терең ойлы түсінік берді.
Іс-шараның келесі бір айрықша ерекшелігі домбырамен дәстүрлі күйлер ойнаған қойылымдар болды. Қазақ халқына қасиетті домбыраның құлағында ойнаған Акылбек Ельшубаев пен басқа қазақ балалары мен студенттері өзара алмаса отырып көрермендерге әртүрлі күйлерді ойнап қана қоймай, олардың шығу тарихын айтып бергенді дұрыс көрді. Қазақ фольклорын тағы бір қырынан көрсетіп, дәстүрлі «Қамажай» биін Аиша Әубәкір мен Мелисса Амансупиева билеп, қонақтарды тәнті етті.
Келесі кезекте қонақтар қазақ дастарханына шақырылды. Ұлттық тағамдардың алуан түрлілігімен дастарқан молынан жайылды. Наурыз көже, қуырдақтан дәм татқан халықаралық қауым «рақмет» сөзін тез арада жаттап та алды.
Тұтастай алғанда, Иллинойс Университетіндегі Қазақ мәдениеті күні мереке ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның жарқын мәдениеті мен дәстүрлерін халықаралық академиялық ортаға әкеліп, түсіністік пен бағалауды арттыратын білім беру алаңы болды. Бұл іс-шара қазақ мәдениетінің құндылығы мен байлығын әсерлі, әрі мазмұнды көрсете алды.
Материал авторы: «500 ғалым» бағдарламасының стипендиаты Нұркен Абайұлы