Жарияланған күні:
«Болашақ» халықаралық стипендиясының зағип түлегі, музыкант, сазгер Саида Қалықова Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның солисі болып еңбек етіп жүр. Ол «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқып, Италияның Флоренция қаласындағы Conservatorio Luigi Cherubini университетінде магистратураны үздік дипломмен тәмамдады.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі Д.Д.Шостакович атындағы Санкт-Петербург қаласындағы академиялық филармонияның «персонасы». Саида жанкүйерлерді өзінің ерекше талантымен және фортепиано аспабында асқан орындаушылық шеберлігімен таңқалдырып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енді.
«Мен бала кезімнен музыкаға әуеспін. Алты жасымда ата-анама ештеңе айтпастан, өз бетімен музыка педагогына жазылдым. Ауыр дерттің салдарынан қос жанарым көруден қалса да, музыкамен айналысуды жалғастырдым. Нотаны көзбен емес, жүрекпен жаттадым. Әуен мен әуез - менің өмірім, оның арқасында мен жаңа белестерді бағындырып, түрлі концерттік алаңдарда өнер көрсетемін. Анам маған көмектесіп отырады, қайда барсам да қасымда болып, қолдау көрсетеді», - деп әңгімеледі зағип музыкант Саида Қалықова.
Саида алғашқы шығармасын 15 жасында жазды. «Жаңбырдан кейін» атты композициясы арқылы жаңбырдан кейінгі табиғаттың ғажайып көрінісін шебер жеткізе білді. Дарынды музыкант 20-ға жуық музыкалық шығармалардың авторы, 100-ден астам классикалық музыканың үздік шығармаларын жатқа орындайды. Қазақстанда ғана емес, Ресейде, Италияда, Турция мен Румынияда ондаған концерт өткізді.
Саида халықаралық байқауларға қатысып, қайырымдылық шараларына да жиі атсалысып отырады. Музыкант өз репертуарын үнемі жаңартып отыруға тырысады.
Дарынды музыканттың елордалық мемлекеттік филармонияның сахнасында шығармашылық жолының 20-жылдығына арналған концерті өтті. Саида Лондондағы Альберт-холл мен Монакодағы филармония сахнасында, сондай-ақ әлемнің басқа да үлкен залдарында жеке концерттерін өткізуді армандайды.