Жарияланған күні:

ЛИТВА УНИВЕРСИТЕТТЕРІНІҢ ТҮЛЕКТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ

Астана қаласындағы Литва Республикасының Елшілігінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған Литва университеттерінің түлектерінің кездесуі өтті. Кездесуге Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиус Навикас, Елшіліктің экономикалық мәселелер жөніндегі атташесі Юлиусо Мите, Литваның Астана қаласындағы Консулы, ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» басқармасының төрағасы Әлия Оспанова қатысты.

Іс-шараны ашқан Литва елшісі Эгидиус Навикас бүгінгі таңда еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 17 стипендиат оқудан өтіп жатқанын, 52 қазақстандық оқуды және тағылымдаманы аяқтағанын атап өтті. Литва университеттері Lithuanian University of Health Sciences, Kaunas University of Technology, Vilnius University сияқты көптеген жылдар бойы «Болашақ» бағдарламасының серіктестері болып табылады және ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі.

Өз кезегінде ХБО Басқарма төрағасы Әлия Оспанова орталықтың жүргізіліп жатқан трансформациясы, академиялық оқыту үшін жоғары оқу орындарының тізімін қалыптастырудың жаңа тәсілі және түлектерді даярлаудың жоғары деңгейі туралы айтып берді. Сондай-ақ, Әлия Оспанова Литваның көптеген университеттерінде медицина бойынша күшті оқу бағдарламалары бар екенін атап өтті.

Түлектер Медет Маханбет пен Алмаз Төлегенұлы Литвадағы оқу тәжірибесі мен медицина саласындағы жетістіктері туралы айтып берді. Медет құлақ қалқанын қалпына келтірудің бірегей хирургиялық әдісін жасады, Алмаз – «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ жетекші кардиохирургі.

Кездесу соңында тараптар Литва ЖОО түлектерінің қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыруға келісті.

фото 1.jpg

фото 2.jpg