Жарияланған күні:
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова Астана қаласында орналасқан Ұлттық биотехнология орталығының (ҰБО) ұжымымен кездесіп, орталықтың білім беру бағдарламаларымен таныстырып, биотехнология саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Әлия Оспанова «Болашақ» президенттік стипендиясы, «500 ғалым» ғылыми тағылымдамалар, үкіметаралық гранттар және «Study in Kazakhstan» стипендиялық бағдарламасы сияқты негізгі бағдарламаларға кеңінен тоқталды. Ол Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайту үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:
«Ұлттық биотехнология орталығы Қазақстандағы ғылым мен технологияның дамуында маңызды рөл атқарады. Біз білім беру бағдарламаларын Орталықта жүргізіліп жатқан озық ғылыми зерттеулермен біріктірудің үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Бұл ынтымақтастық қазақстандық ғалымдар мен биотехнологтар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады».
Айта кетерлігі, қазіргі таңда «Медицина» және «Биология» салаларында 189 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарында білім алып, тағылымдамадан өтуде, ал бағдарлама жұмыс істеп тұрған уақытта 1 мыңға жуық адам осы мамандықтар бойынша білім алған.
Ұлттық биотехнология орталығының бас директорының міндетін атқарушы Вячеслав Борисович Огай да бұл ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды:
"Жетекші оқу және ғылыми мекемелермен тығыз байланыс орнату біз үшін өте маңызды. Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлескен жобалар ғылыми әлеуетімізді нығайтып қана қоймай, ғалымдарымыздың әзірлемелерін халықаралық деңгейге шығаруға көмектеседі”
Ұлттық биотехнология орталығы Қазақстандағы ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейін растайтын COVID-19 диагностикасына арналған полимеразды тізбекті реакция (ПТР) тест жүйесі және коронавирусқа қарсы вакцина жасау жобасы сияқты озық ғылыми әзірлемелерде көшбасшы болып табылады.
Кездесу соңында тараптар серіктестікті одан әрі дамытуға және Қазақстанның биотехнология саласындағы халықаралық аренадағы ұстанымын нығайта түсетін жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, халықаралық бағдарламалар орталығы шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге шақыру алуға жәрдемдеседі.
Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» стипендиясы бойынша квота санаттар бекітілген, оның ішінде медицина мамандары да бар. Бұл санаттағы үміткерлер тегін тіл үйренуге болады және құжаттарды тапсыру кезінде олар шетелдік ЖОО-ға өз бетінше түсуге міндетті емес.
Суреттер: Әлішер Қадышов