Жарияланған күні:

МАЛАЙЗИЯДА БІЛІМ АЛУ МҮМКІНДІГІ

Халықаралық бағдарламалар орталығында Қазақстандағы Малайзия елшілігінің бірінші хатшысы, Education Malaysia Global Services (EMGS) өкілдері және Малайзияның жетекші университеттері, соның ішінде Малая университеті (UM) және Пу́тра Малая университеті (UPM) өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесу барысында білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары мен қазақстандық студенттер үшін мүмкіндіктер талқыланды. «Болашақ» бағдарламасы, ғылыми тағылымдамалар және Малайзияда білім алудың басқа да жолдары қарастырылды. Тараптар сондай-ақ Study in Kazakhstan және Study in Malaysia бағдарламалары туралы пікір алмасты.

Қазақстандағы Малайзия елшілігінің бірінші хатшысы, Mohd Idham Ahmat Zamri мырза, ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:

«Қазақстан мен Малайзияны өте тығыз байланыс біріктіреді. Екі ел арасындағы 30 жылдық дипломатиялық қарым-қатынас өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін қалады, бұған дәлел — биылғы жылы Малайзия премьер-министрінің Астанаға жасаған сапары.»

Кездесу 2023 жылдың қыркүйегінде EMGS пен Халықаралық бағдарламалар орталығы арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумның (MoU) жалғасы болды. Серіктестік білім беру мүмкіндіктерін ілгерілетудің, идеялар алмасу мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетеді.

Кездесу барысында Малайзия университеттерін «Болашақ» бағдарламасы мен ғылыми тағылымдамалар үшін ұсынылатын оқу орындарының тізіміне енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл қазақстандық студенттер үшін түрлі басым салаларда білім алу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Тараптар сондай-ақ ғылыми тағылымдамалар бойынша шақыртулар алу және алдағы білім беру көрмесіне малайзиялық университеттердің қатысуы туралы көмек көрсетуге келісті.

Айта кету керек, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Малайзияда барлығы 147 адам білім алған. Стипендиаттар арасындағы ең танымал бағыт — техникалық мамандықтар (шамамен 85%).

Малайзия университеттерінің басты артықшылықтары:

  • Малая университеті (UM):Инженерия, медицина және әлеуметтік ғылымдар саласындағы академиялық жетістіктері мен зерттеулерге қосқан үлесімен танымал. UM Азия университеттері арасында жоғары орындарға ие. QS World University Rankings бойынша 60-орында тұр.
  • Пу́тра Малая университеті (UPM): Ауыл шаруашылығы, биотехнология және экологиялық ғылымдар салаларына маманданған. UPM өзінің инновациялық зерттеулері мен тұрақты дамуға деген ұмтылысымен танылған, Малайзия мен Азия университеттері арасында үнемі жоғары орындарда. QS World University Rankings бойынша 158-орынды иеленген.

EMGS маркетинг директоры, мырза Tang Shyue Song, бұл ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:

«Біз Малайзияны халықаралық білім беру саласындағы жетекші елге айналдыруды мақсат етеміз. Халықаралық бағдарламалар орталығымен ынтымақтастық студенттерге мүмкіндіктерді кеңейтіп, елдеріміз арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.»

Кездесу қорытындысы бойынша Малайзия университеттерін «Болашақ» бағдарламасының ұсынылатын оқу орындарының тізіміне енгізу мүмкіндігін одан әрі қарастыру туралы шешім қабылданды. Бұл қазақстандық студенттер мен зерттеушілерге халықаралық тәжірибе мен білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

1.jpg

2.jpg